Hi-Tech

Сақтан, Homo Sapiens: Жасанды интеллект дәуірі

Қазірде адамзат өнертабысының жемісі әлемді түгелдей дерлік жаулап алды. Ықшам әрі заманауи гаджеттер, әлеуметтік желілер, интернет сайттары, блогтардағы сан түрлі нәрсені сарапқа салған пікірталастар алаңы бүгінде еңбектеген балаға да таңсық нәрсе емес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

XXI ғасыр –  озық технологиялар мен тың идеялар заманы. Заман ағымынан қалыс қалғанымыз тағы болмас.  Десе де, бар болуының өзі қоғамда көбірек талқыға түскен технологиялар да жоқ емес. Соның бірі робототехнологияның үздік жемісі жасанды интеллект (адамша сөйлеп, пендеден артық ойлайтын темір кейіпті жаратылыс).  Жасанды интеллект жұмысы екі бағытқа бөлінеді.

Сонымен бірінші бағыт– адамның интеллектуалды әрекетінің өнімін қарастырады, оның құрылысын меңгереді(есептерді шешу, теоремаларды дәлелдеу, ойындар) және бұл өнімдерді қазіргі техника көмегімен жасайды.

Жасанды интеллектінің екінші бағыты – интеллектуалды іс-әрекетінің нейрофизиологиялық және психологиялық механизмі туралы мәліметтерді, дәлірек айтқанда адамның саналы іс-әрекетін қарастырады.

Тарихта алғаш рет 1956 жылы Джон Маккартидың идеясымен жасалына бастаған роботтар технологиясы соңғы 10 жылдықта орасан жетістіктерге жетті. Негізгі миссиясы адамзаттың тұрмысын жеңілдетіп, жұмыс сапасын арттыру. Бүгінгі таңда өндірістерде, жеңіл және ауыр өнеркәсіптерде таптырмайтын көмекші дәл осы роботтар.

Енді көптің талқысындағы роботтардың бүгінгі таңдағы белсенділігіне екі жақты баға беріп көрсек.

Ақылды технологияның «миы» дәл адам миының жүйелері сияқты жасанды нейрондармен толықтырылған. Ол өз алдына ойланып, шешім қабылдап, даму үстінде болады. Заманауи жасанды интеллект ғылымның кез-келген саласында айтарлықтай қауқар таныта алады.  Мәселен, медицинада ойып тұрып орын алған технология тек ауруды емдеп қана қоймай, сырқаттың алғашты кезеңдерінде нақты диагноз қойып үлгереді. Эпидемиялар мен ісіктердің асқынып кету қаупінің алдын алады. Ал дәрігерлер үшін бұл ұзақ айларға созылатын процесс. Социалогияда, қоғамдағы түйіткілді мәселені анықтау үшін адамдардан сұхбат алып, пікірлерді саралап уақыт кетірмейсіз, компьютерге адамдардың іс-әрекетіне сканер жасау бұйрығын берсеңіз әп сәтте сапалы зерттеу дайын болады. Әрине, қауіпсіздікті айналып өтуге тағы болмас. Дамыған технологиялар адамның түр әлпетін, индивидтік қылықтарын, даусын танудан алдына жан салмайды. Мұнымен заң қорғау органдарының қылмыскерлерді анықтауына үлкен мүмкіндік туғызуда. Сонымен қатар, Жапония мемлекетінің асханаларында робот-даяшылар жұмыс істей бастады. Идея авторларының негізгі мақсаты роботтарды басқаруды мүмкіндігі шектеулі адамдарға табыстап, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру көрінеді. Тізе берсек келтірер пайда қыруар, бірақ туындайтын мәселеге көз жұмуға тағы болмайды.

Күн сайын жаңа мамандықты меңгерген роботтардың «сүйіншісін» жаңалық беттерінен күнделікті көзіміз шалады. Күні кеше ғана Қытайдың Xinhua News Agency телеарнасының эфирінде тұңғыш робот-тележүргізушісі жұмысын бастады.Vashington Post газетіндегі робот-журналистің мақалалары оқырмандарды тәнті етті. Себебі футбол матчының есебін жазған мақалада темір-журналсит футболшылардың аяқ жылдамдығына дейін көрсетіп берген. Өкінішке орай бұл қарапайым журналисттің қолынан келмейді. Адамның ми жүйесі биологиялық эволюцияның жемісі болғандықтан, жасанды интеллектінің деңгейіне жетіп, бәсекелестік тудыра алмаудамыз. McKinsey Global Institute зерттеу ұйымының мәліметі бойынша болашақ 10 жылдықта әлемдегі еңбек нарығы түбегейлі өзгереді. Нәтижесінде 50 трлн доллар үнемделеді. Бірақ аталмыш деректің негізі мемлекет қамбасында қалған қаражатта болмай тұр. Өзектісі миллиондаған жұмыссыздардың санын қолдан өсіріп алуымыз. Адами функцияның қадірі кеткен заманда көптеген әлеуметтік-психологиялық проблемалардың өршитіні қауіптендіреді. Қалта достар, чатботтар, виртуалды өмір сүру сияқты жаңа заман тенденциялары адамзат санасын шынайылықтан алыстатуы мүмкіндігін ескертіп психолог мамандар да дабыл қағуда.

Сондықтан ағы мен қарасы көз шалындырып, адастырған мына заманда тура жолды бағдарлай білейік. Адамзат үшін ардақты жолдан ауытқып кетпесек игі.