Bugin

Қазақстан: халық VIP-нөмірлерге 6 млрд теңге жұмсаған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өткен жылы қазақстандықтар жалпы сомасы 5,8 млрд теңгеге VIP нөмірлер сатып алған. Автокөлік иелері 2020 жылмен салыстырғанда әдемі нөмірлерді көбірек рәсімдей бастаған, ол кезде 3,9 млрд теңгеге 12 616 нөмір алынған болатын, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

VIP нөмірлерге ең көп қаражат жұмсаған алматылықтар болып отыр. Олар 2,2 млрд теңгеге 6882 нөмір алған. Екінші орында Шымкент, автокөлік иелері – 818 млн теңгеге 3190 нөмір, ал Нұр-Сұлтан жүргізушілері – 667 млн теңгеге 2231 нөмір сатып алған.

VIP нөмірлерге сұраныс Солтүстік Қазақстан облысында аз. Өткен жылы онда 45 млн теңгеге барлығы 169 ерекше нөмір тізбегі сатып алынған.

Сандар мен әріптердің комбинациясына байланысты VIP-нөмірлердің бағасы 174 591 теңгеден басталады, ең қымбаты үшін 872 955 теңге сұралады.

Нөмір иесі ерекше нөмірлер тізбегін үшінші тарапқа сыйға бере де, сата да алмайды. Егер көлік сатылса, нөмір иесі оны жаңа көлік сатып алғанға дейін мамандандырылған ХҚО-да 6 ай сақтай алады.