Bugin
2022 жылдың мамыр айынан бастап үкімет мұқтаж азаматтардың пәтерақысын өтеп бермек. Нақтырақ айтсақ, пәтерақысының жарты ақшасын. Қазір мұқтаж азаматтардың өтінішін қабылдайтын арнайы платформа әзірленіп жатыр.
Қай азаматтарға беріледі?
Негізінен, бұл бағдарлама мына төрт санаттағы азаматтарға арналған. Бұларға қойылатын басты талап Бірыңғай республикалық электронды базада тұрғын үй кезегінде тұруы қажет.
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар;
- кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көп балалы отбасылар.
Табысы 36 мыңнан аспауы тиіс
Өтініш табысы төмен отбасылардан қабылданады. Яғни, соңғы 6 айдағы отбасының жиындық табысы әр мүшеге шаққанда 36 018 теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, жанұяда 6 адам бар делік. Тек отағасы жұмыс істейді делік. Еңбекақысы 150 мың теңге болсын. Соны 6-ға бөлгенде 25 мың теңге болмақ. Демек, бұл жанұяның өтішін беруіне толық құқығы бар.
Табысқа мына нәрселер жатады:
- Еңбекақы мен жалақы;
- Сыйақы, үстемақы;
- Өтемақы мен қосымша ақылар.
- Зейнетақы;
- Кәсіпкерліктен түсетін табыстар.
Мұның бәрі Бірыңғай зейнетақы қоры мен салық органдарынан анықталады.
Қанша ақша төленеді?
Бұл енді қарапайым есеп. Үйді 100 мың теңгеге жалдап отырсаңыз, оның 50 мың теңгесін үкімет барады. Қалғанын өзіңіз төлейсіз. Тек пәтердің ауданы мен оған төленетін қаржының шектік мөлшері бар.
Мәселен, 40 шаршы метрлік пәтердің жалға төленетін ақысы Алматы қаласында 110 300 теңгеден, 60 шаршы метрлік пәтердікі 165 500 теңгеден, 80 шаршы метрлік пәтердікі 220 700 теңгеден аспауы керек.
Бұл шектік мөлшер әр өңірде әртүрлі.
Жалға берілетін үйдің ауданы қандай болуы керек?
Жалға берілетін тұрғын үйдің отбасыға қарай төлем жасауға рұқсат етілген жалпы ауданы:
- саны 1-ден 3-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін – 40 шаршы метрден артық емес;
- саны 4-тен 5-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін – 60 шаршы метрден артық емес;
- саны 6 және одан көп отбасы мүшелері үшін – 80 шаршы метрден артық емес.
Ескеретін жайт
Үйді жақын туыстары, бұрынғы жұбайы, ерлі-зайыптының жақын туысынан жалға алуға болмайды. Жақын туыстарға ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарындастар), аталар, әжелер, немерелер жатады.
Қалай өтініш береміз?..
Өтінішті банкке бармай-ақ, онлайн беруге болады. Ол үшін Baspana market платформасына кіріп өтініш беру керек. Отбасы банктің есебінше, қазір шамамен 70 мыңнан аса адам жалдамалы пәтердің жарты ақшасын алуға лайықты. Бұл азаматтардың тізімін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасайды.
Өтініш беру үшін азаматтың қолында ЭЦҚ болуы тиіс. Азаматтың соңғы 6 айдағы табысы есептеліп, 36 мың теңгеден аспағандарға пәтерақы төленеді.