Bugin
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдің президенті Владимир Путинмен кездесуде қаңтар оқиғасына тоқталып өтті. Бұл жайлы Bugin.kz жазады.
Қазақстан президенті Ресей басшысымен жаңа жылдан кейінгі алғашқы кездесуі екенін еске салды.
"Өкінішке қарай, қасіретті қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы кездесуіміз. Шынымен де бұл жағдай – шетелдік террористер мен бүлікшілердің алдын ала, мақсатты түрде жоспарлап жасаған іс-әрекеті. Олардың мақсаты – Қазақстанның конституциялық құқығын аяққа таптап, мемлекетті күшпен басып алу болғаны, сөзсіз. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Құрбан болғандар көп. Өзім де қамығып отырмын. Қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Әрбір факті тергеліп анықталады. Оған күмәнім жоқ. Кінәлілер анықталып, жазасы беріледі", - деді Тоқаев сөз барысында.
Сондай-ақ, Ресей президенті В.Путинге ҰҚШҰ-ның бейбіт күштерін жіберуге атсалысқанына алғыс айтты.
"Бейбіт әскер елдің тылын қорғауға айтарлықтай үлес қосты. Стратегиялық нысандарды күзетіп, бүлікшілердің психологиялық үрейін туғызды", - деді Тоқаев.