Bugin
Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтар әулетінің Ұлыбритания мен Швейцарияда, АҚШ пен Біріккен Араб әмірлігіндегі қымбат дүние-мүліктері бары талай айтылған. Енді міне Германиядан да зәулім сарайлары табылып отыр. Бұл байлықтың жалпы сомасы шамамен 100 млн еуро (50 млрд теңге). Бұл жайлы DW зерттеу жасап анықтады.
Басылымның жазуынша, Назарбаевтың ортаншы қызы – Динара Құлыбаеваның Германияда төрт үйі бар екен.
1. Орыс елшісі салған алып сарай
Зеелах сарайы
Оның біріншісі – Баден-Баден қаласы маңындағы алып резиденция. Тарихи нысан 19 ғасырда салынған. Ал оны салған – орыс елшісі, патша әулетіне жақын құпия кеңесші Михаил Хрептович. Нағыз мультимиллионер болған адам. Сарайдың аты – Зеелах. Аристократтар әулеті салған бұл алып сарайды Құлыбаевтар шамамен 10 жыл бұрын сатып алған. Қазіргі бағасы – 60 млн еуро.
Хрептовичтің бұрынғы үйі. Қазір алып резиденция салынып жатыр
Тарихи резиденцияның жанынан заманауи тұрғын үй кешені салынып жатыр. Осыдан 2 жыл бұрын салынып біткен. Маңайын абаттандырып, 1000 шаршы метрге саябақ салған. 25 метрлік ұзын хауыз салып, оны шатырмен жапқан. Хауыздың өзі ғарыштан көрініп тұр.
Төбесі қымбат ағаштан, құнды материалдардан соғылған. Үйге үлкен люстра орнатылып, қабырғасына көркемөнер туындылары оюлып жапсырылған.
Құрылысшылардың айтуынша, Құлыбаевтар үйді жөндеу мен абат жұмыстарына ақша аямаған екен. Не жөндесе де, суретін жіберіп, разылығын алып отырған.
"Қабырғаға салынған суретті ұнатпай, қайта салдырған кездері болды. Ал бір суреттің құны 150 мың еуро тұратын", - дейді құрылысшылар.
Жылжымайтын мүлік немістің Zellach Schloss Seelach Invest компаниясының иелігінде тұр. Ал бұл компанияның құрылтайшысы қазақстандық Verus Praedium International компаниясы.
2. ХХ ғасырда салынған тарихи вилла
Құлыбаевтардың екінші мүлкі – әйгілі сәулетші Густав Строхпен 20 ғасырда тарихи стильде салған вилласы.
Құрылысшылардың айтуынша, бұл вилла да президенттік деңгейде жасалып, резиденцияға айналған.
Бұл вилланың да иесі – Verus Praedium International компаниясы. Ал оның артында тұрған Алматыда тіркелген "Кипрос" фирмасы.
3. Бюлерхёе қамалы мен қонақ үйі
Бюлерхёе қамалы-қонақ үй
Бұл қамал – Германияның ұлттық деңгейде қорғалатын тарихи нысанына жатады. Ұлттық саябаққа жақын мына қамалға атақты неміс канцлері Конрад Аденауэр (Konrad Adenauer) жиі келіп, демалып отырған екен.
2013 жылы мына қонақ үйді қазақстандық бизнесмен Яков Цхай сатып алған. Цхай болса, Динара мен Тимур Құлыбаевтардың жақын танысы әрі мұнаймен айналысатын бірнеше компаниясының иегері.
Екінші қонақ үй
Цхай – танымал адам емес, жасырын жүргенді жақсы көреді. Миллиардер бола тұра, фотосуреті жоқ, табу қиын. Баден-Бадендегі жылжымайтын мүліктерді "Достар Ойл Сервис" мұнай компаниясы мен "Достар-Инвест" холдингі арқылы сатып алған. Кейін 2020 жылы Verus Praedium International фирмасына табыстаған. Бұл фирма өзімізге мәлім, Тимур Құлыбаевтікі. Оны 20 млн еуроға сатып алған.
Артты жабу
Құлыбаевтардың қос қонақ үйі орналасқан Бюль қаласының Губерт Шнурр (Hubert Schnurr) есімді әкімінің айтуынша, Назарбаевтар жанұясы жылжымайтын мүлікті қаралы күнге дайындап қойған дүние-мүлік болуы мүмкін.
"Ертең алда-жалда бірдеңе бола қалса, сату үшін дайындап қойған мүлкі сияқты", - дейді мэр.
Назарбаевтар әулеті көне қонақ үйді сатып алғанымен, оны мүлде жөндегісі келмейтін көрінеді. Жөндеуге бір тиын да қоспаған. Ал оны сатып алғысы келетін неміс инвесторлары көп екен. Бірақ Құлыбаевтар оған пысқырып та қарамайтын көрінеді.