Bugin
Тимур Құлыбаевтың жақын серігі делінетін үнді миллиардері Арвинд Тику экс-президенттің күйеубаласының мүлкі жайлы есеп жариялаған компанияны сотқа берді. Мұны Азаттық радиосы жазды.
Британ басылымдары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Ұлыбритания ханзадасы Эндрюдан 15 жыл бұрын сатып алған Саннингхилл парк вилласына тағы назар аударды. Бұған Батыс басылымдары Тимур Құлыбаевтың «жақын серіктесі» деп атап жүрген үнді бизнесмені, миллиардер Арвинд Тикудың S-RM Intelligence атты компанияның үстінен Ұлыбританияның жоғары сотына түсірген шағымы себеп.
Британдық Times басылымының жазуынша, Тикудың сотқа шағымдануына S-RM Intelligence компаниясының Тимур Құлыбаевтың Эндрю ханзададан Саннингхилл парк зәулім үйін 15 миллион фунт стерлингке сатып алғаны туралы есебі түрткі болды. S-RM Intelligence есебінде бұл вилла “Қазақстандағы мемлекеттік активтерді сатудан түскен ақшаның ізін жасыру үшін сатып алынған болуы мүмкін” делінеді. Есепте Арвинд Тику Тимур Құлыбаевтың «сенімді өкілі» деп көрсетілген, оның сотқа арыздануы осы мәлімет негіз болған. S-RM Intelligence компаниясын «жеке деректерді қорғау» заңын бұзып, өзінің ар-намысына нұқсан келтіргені үшін сотқа тартып, 50 мың фунт стерлинг өтемақы талап етіп отыр.
Тикудың адвокаттары S-RM Intelligence есебі құқық қорғау органдары әлдеқашан тексеріп, теріске шығарған айыптауларға негізделгенін алға тартады. Олар есепте Тику туралы жазылған жайттар жалған екенін айтып, үнді бизнесменінің еш уақытта Құлыбаевтың «сенімді өкілі» болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ Тикудың қорғаушылары ол Саннингхилл парк сарайын сатып алуға көмектесу арқылы ақша иемденбегенін және қаржының ізін жасырмағанын жеткізді.
Арвинд Тику
Йорк герцогы Эндрю ханзаданың бес жыл бойы өтпей тұрған Саннингхилл парк зәулім сарайын Тимур Құлыбаев 2007 жылы сұралған бағасынан 3 миллион фунтқа (1,4 млрд теңге) қымбатқа сатып алған.
Times-тің жазуынша, герцог пен Құлыбаевтың өкілдері бұл келісімшарттың таза коммерциялық және заңды жолмен жасалғанын айтқан. Құлыбаев қандай да бір заңбұзушылық болғанын үнемі жоққа шығарып келді. Ал оның адвокаттары «ақшаның ізін жасыру» бойынша айыптау негізсіз, «Құлыбаевтың Саннингхилл паркті заңсыз ақшаға сатып алды деген тұжырым жалған» екенін мәлімдеген.
Тику мен S-RM Intelligence арасындағы дау британдық Daily Mail таблоидының да назарына ілікті. Басылымның жазуынша, Құлыбаевтың адвокаттары «оның процеске қатысушы тарап емес екенін, бірақ сенімсіз және тексерілмеген дереккөздерге сүйенген айыптауларға қарсы екенін» жеткізген. Бұл сот процесіне Йорк герцогы Эндрю ханзаданың куәгер ретінде шақырылуы мүмкін дейді басылым.