Саясат

Ынтасыз Зомби

Өз отыңды сөндірме!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Арман қуған жастар Алматыға ат басын тіреді. Ұлы бір күндік төңкеріс (ҰБТ) да артта қалып, арманға қанат бітіріп, ҚазҰУ-ға оқуға тапсырып болдық. Біріміз әр ай сайын алатын стипендияға қуансақ, енді біріміз қорадағы ала сиыр мен қара бұқа пұл болып сатылып,артымыздан оқуға төленетінін ойлап көңілдің қошы жоқ.  

Қыркүйек, іште аласапыран, толқып та қуанып та қатар соққан жұдырықтай жүрек кеудеге сияр емес.  

Шешесі әперген топылайын әдемілеп, жалтыратып сүртіп,  шашын тарап, айнаға қарап, сыланып шыққан студенттер университетке ағылып жатыр. Бәрінің ойында бір ғана дүние "Мектептен құтылдым ау, әйтеуір" деген. Рас құтылды. Әй жүгермек, өмірің енді қыза түскенін білсейші. 

Тапсырған факультетінің есігін айқара ашып " ей жараңдар, мен келдім..." дейтіндей аяқтарын нық басып ішке ағылып кіруде.  Қайдан білсін өзіндей арыстардың мұнда тарыдай көп екенін.

Алғашқы семестр түкке түсінбей,  арыстандай болып келген  студенттер басыла бастаған еді. Көздері енді ашылып, ортасын енді біле бастағанды.  Студенттердің бірі стипендиясын алғанға мәз, енді біреуі соны күндеп әлек. Әйтеуір риза емес. 

Әсіресе ақылы бөлімдегі студенттер мүлде риза да, разы да емес. Себебі ала сиыр да, қара бұқа да болмайтын білімге кетіп жатыр деп санайды. Шыныменде, сан бар, сапа жоқ. Сылдыраған су.  Сүт бетіндегі қаймақ деп таңдап келген оқу орны жалындаған жастардың жүрек отын сөндіріп жатыр. Сапасыз білім, тоқылдаған теория, жүйкесі тозған, алдынан мың студентті өткізген(өздерінің айтуы бойынша) дәріскерлер.  Бәрі-бәрі жабыла жүріп 

"Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап.

Біз жанбасақ лапылдап,

Аспан қалай ашылмақ?!" деген болашақ білгір мамандардың бетін қайтара берді. Құдды атам немістерді қырып, артқа шегіндіргендей тойтара берді. 

Беті қайтқан студенттер қазір мүлдем оқуға ынтасы жоқ, зомбиға айналып кетті.

Дүркіреген ҚазҰУ, дүл-дүлдерді басты. Тағы бір отын сөндірді.  Саңылаулы ел тағы бір саңлағынан айырылды...