Bugin
Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері балық шаруашылығы су айдындарында мониторинг жүргізу барысында Есіл өзенінде балықтың жаппай қырылуын тоқтату және алдағы уақытта оны болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізді. Сонымен бірге мұз астында өлген балықтар жиналып, зертханалық зерттеуге жолданды. Қорытындысы белгілі болған соң жарияланады. Болжам бойынша, балықтың қырылуы мұз астында оттегінің жетіспеушілігінен болуы мүмкін, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Атап айтсақ, Ақмола облысы, Астрахан ауданының Новочеркасское ауылы маңындағы Есіл өзенінде 85 кг жуық өлген балық жиналды. Қазір ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының өкілдерімен бірлесе сынама жұмыстары жүргізілуде. Қалған балық санитарлық нормаларды сақтай отырып, жойылды.
Қазіргі таңда өзен суын мәжбүрлі аэрациялау үшін екі мотопомпа орнатылған. Бұл өз кезегінде мұз астындағы суды оттегімен қамтамасыз етуге үлкен сеп. Су айдынының жағдайына мониторинг жалғасуда.
Анықтама: Есіл өзені балық шаруашылығы су айдындарының резервтік қорына кіреді.