Bugin
Өзбекстан шетелдік көліктерді елге кіргізгенде төленетін кедендік салықты екі есе азайтпақ. Ел президенті Шавкат Мирзиёев министрлер кабинетіне осындай тапсырма берді. Бұл жайлы президент баспасөз қызметі хабарлады.
Тараған ақпаратқа қарағанда, өзбек президенті Мирзиёев елдегі көлік тапшылығын азайтудың жолдарын қарастыруға көшкен сыңайлы. Соған орай отандық көлік өндірушілерге бірнеше нұсқаулық берді. Атап айтқанда, отандық компанияларға көлік өндірісін ұлғайтуды, жарты жылда 160 мың темір тұлпар өндіруді тапсырды. Ал жыл соңына дейін 275 мың көлік шығарылмақ.
Одан бөлек, автоөндіріс саласындағы жемқорлықты жоюды талап етті.
"UzAuto Motors автомобильдерін сатып алудың алғашқы жарнасы 85 пайыздан 50 пайызға дейін түсіру керек. Шетелдік көліктерге салынатын кедендік салықты екі есе, яғни, 30 пайыздан 15 пайызға дейін азайтуды тапсырамын", - деді Мирзиёев.
Өзбекстанда автокөлік өндірісін дамытудың арқасында 4 жылда көлік шығару 1,8 есе, экспорт 2,7 есе өскен.