Bugin

Гүлнәр Кәрімованың елден ұрлаған ақшасы Өзбекстанға қайтарылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өзбекстанның экс-президенті Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнәр Кәрімованың шетелге асырған қаржысының бір бөлігі елге қайтарылды. Тағы бір бөлігін жақын уақытта қайтармақ. Мұны Өзбекстанның әділет министрлігі хабарлады.

Ведомства таратқан ақпаратқа сенсек, жақында Гүлнәр Кәрімованың шетелдегі 10 млн доллары Өзбекстанға тәркіленген екен. 2020 жылы мамырда Франциядағы 10 млн долларлық акциясы тағы қайтарылған. Енді министрлік Швейцариядағы активтерін қайтаруды қолға алған.

"2022 жылы 11 қаңтарда Швейцария мен Өзбекстан бірігіп, БҰҰ аясында көптарапты траст қорын құруға келісті. Қор Гүлнәр Кәрімоваға ашылған қылмыстық істің аясында бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп, елге қайтарылады", - деп хабарлайды ведомства.

Аталмыш қор Швейцариядағы басқа тұлғалардың да күмәнді активтерін тәркілуге қызмет етпек. Қазірдің өзінде 131 млн доллар Өзбекстанға қайтарылуға дайын тұр.

Гүлнәр Кәрімованың Ресейдегі ақшасы да тәркіленбек. Оған Мәскеу соты шешім шығарды. Қазіргі уақытта Ресей тарабы тәркіленген дүниені қайтарудың тетіктерін іздестіріп жатыр.

"Тәркіленген ақшалар елдің әлеуметтік саласын жақсартуға жұмсалады", - дейді ведомства өкілдері.

Айта кетейік, Гүлнәр Кәрімова 2015 жылы салық төлеуден жалтарды және бопсалаушылықпен айналысты деген айып тағылып, 2017 жылы 10 жыл бас бостандығынан айырылған еді. Ал 2020 жылы сот шешімді тағы ұзартып, 13 жылға создырды.