Bugin
Мәжіліс экс-спикері Н.Нығматуллиннің биліктен кеткені жақсы, бірақ бүкіл Парламент сомен бірге таратып жіберу керек еді. Осылай дейді журналист, медиаменеджер әрі қоғам қайраткері Арман Шораев.
"Мұның (Нығматуллиннің мәжілістен кеткені - ред) жақсы, әрине. Халық сайламаған адамның мәжілісте отырғаны дұрыс емес. Осы күнге дейін тәуелсіз сайлауды көрген емеспіз. Сондықтан бүкіл Парламент отставка кетуі керек еді. Саяси партиялардың тіркелуіне мүмкіндік беру керек. Содан кейін тәуелсіз сайлау өткізіп, парламент жасақтауымыз керек еді", - деп пікір білдірді Шораев ҚазТаг агенттігіне.
Оның айтуынша, әділ сайлау өткізу үшін ең алдымен Орталық сайлау комиссиясы туралы заңды өзгерту керек.
"Ол үшін саяси партиялар жөніндегі заңды да, Орталық сайлау комиссиясы туралы заңды да өзгерту керек. Сталин айтпақшы, кімнің қалай дауыс бергені қызық емес, қалай санағаны қызық. Біздің сайлау комиссиямызда жемқорлар отыр. Сондықтан әділ сайлау өтіп, халық қамын ойлар Парламент құрылатынына сенім жоқ", - дейді ол.
Еске сала кетейік, ақпан айының басында Парламент мәжілісінің спикері Н.Нығматуллин отставкаға кеткен еді. Ал оның орнына президент әкімшілігін басқарған Ерлан Қошанов келді.