Bugin
Маңғыстау өңірінде ірі мұнай компаниялардың жұмысшылары бірінен кейін бірі наразылыққа шығып, әлеуметтік жағдайын көтеруді басшылықтан, президент әкімшілігінен талап етіп отыр.
Солардың бірі – Жаңаөзен қаласындағы "Бұрғылау" ЖШС компаниясының жұмысшылары. Компанияның 400 жұмысшысы наразылыққа шықты. Жұмысты 9 ақпан күні тоқтатып тастаған. Наразы топ 9 талап қойып отыр.
Бастысы мынау: еңбекақыны көтеру (1 млн теңге), ұжымдық еңбек шартын қайтадан жасау, аутсор компанияны "ҚазМұнайГаз" компаниясының қоластына енгізу әрі жұмыскерлердің барлығын штатқа алу.
Алайда "Бұрғылау" ЖШС басшылары жұмыскерлердің бұл талаптарын орындаудан бас тартып отырған көрінеді. Айтуларынша, компания жұмыскерлерінің жалақысы – елдегі ең көлемді еңбекақылардың бірі.
"Біздегі орташа жалақы 887 мың теңге. Жалақы жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты көтеріп жатырмыз. 2008 жылдан бері еңбекақы 158 мың теңгеден 887 мың теңгеге дейін өсті. Қосымша ақы мен сыйақыны қосқанда бұрғылаушылардың орташа еңбекақысы 1 098 191 теңгеге, көмекші бұрғылаушынікі 912 мың теңгеге жетеді", - деп түсініктеме берген.
Ал жекеменшік компанияны "ҚазМұнайГаз" тобына қосуға энергетика министрлігінің рұқсат етпейтінін алға тартқан.
"Үкімет керісінше, компаниялардың жекеменшікке өтіп, бәсекеге ортасына кеткенін қалайды", - деп қысқа қайырған компания өкілдері.
Соған орай жұмысшылар енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеожолдау жіберіп, талап қойып отыр.
"Еңбек жағдайын жасамағаны үшін ереуілдетіп тұрғанымызға бүгін сегізінші күн. Бұған дейін қойған талап-тілек, арыздарымызды орындау үшін "KazPetroDrilling" АҚ президенті Рахмет Хайруллаевты шақыртқан едік. Алайда бізді елеп-ескермей отыр. Мемлекет басшысы ретінде Сізден оң шешім шығаруды сұраймыз", - деп үндеу жасады жұмысшылар.
Бүгін тағы да Маңғыстау облысындағы Қаламқас кен орнының мұнайшылары "ҚазМұнайГаз" компаниясының басшылығына бейне үндеу жолдады.
"Ақтаукрантехсервис" ЖШС жұмысшылары өздерінің талап-арызын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа жолдады.