Bugin

Ресей мен Украина соғысса, Қазақстанның жағдайы не болмақ?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Егер Ресей мен Украина ашық әскери айқасқа түссе, Қазақстанның жағдайы қиын болмақ. Өйткені екі елмен де тығыз экономикалық байланыста отыр. Еуразиялық экономикалық одақтың шеңбері тарылуы мүмкін. Бұл бағаның өсуіне әкеледі. Осылай деп пікір білдіреді сарапшылар Курсив-ке берген болжамында.

Соғыс болмайды – Айдос Сарым

Алайда парламент депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым екі елдің арасында соғыс басталып кетеріне сенбейді. Бұған сын көзбен қарайды. Оның ойынша, Украинаға басып кіруге Ресейдің дәті шыдай қоймайды.

"Ресей басып кірді дегеннің өзінде украин халқы жерін айқассыз бере қоймайды. Украиндар өте жауынгер, өр мінезді қырсық халық. Саны да көп. Өте рухты, патриотшыл. Ресей шешендерге екі рет соғыс ашып жеңе алмағаны есімізде шығар. Айналдырған аз шешенді басып ала алмаған Ресей украинды жаулап алады деп ойламаймын. Оның үстіне, өлім мен қайғы-қасірет қаумалаған тұста қоғамның көзқарасы да тез жалт береді. Ресейдің өз ішінде жеккөру мен ашу-ыза өршиді", - деп түсіндіреді Сарым.

Оның айтуынша, Ресейдің шекараға әскер әкелуі жай ғана ақпараттық ойын. 

"Немесе Қырым аннексиясынан әлем назарын бұрудың амалы. Ресейге дүниежүзінің Қырымды 15-20 жылдан кейін орыстардікі деп мойындағаны жақсы ма әлде қазір назардың соғысқа ауып, Қырым тақырыбы аяқасты болғаны жақсы ма? Қазір осындай элементтер байқалып қалып жатыр", - дейді саясаттанушы.

Ал егер алда-жалда соғыс бола қалса, онда Қазақстанның жағдайы жақсы емес.

"Экспорттың басым бөлігі Ресей мен Украина арқылы өтеді. Соғыс өршіген аймақта логистика болмасы анық. Мәселен, ұшақтың ұшу бағыты өзгеріп, содан баға көтерілуі мүмкін. Бірге қолға алған мемлекетаралық жобалар тоқтап қалуы ықтимал. Ресей мен Қазақстан кәсіпкерлерінің ақша мен тауар айналымы Еуропаға келіп кедергіге тап болуы мүмкін. Мұның бәрі іскери қарым-қатынасқа сызат түсіреді. Ашу-ыза кернейді", - деп түйіндейді ойын Айдос Сарым.

Оның ойынша, Қазақстанның бұл елдерге әскер жіберуі, тіпті, бейбіт әскерді жіберуінің өзі екіталай. Өйткені Қырым дауы кезінде де, Қарабақ оқиғасында да қазақ билігі әскер жіберген емес. Бұл жолы да жіберуі неғайбыл.

Қазақстанға ауыр тиеді – экономист Мағбат Спанов

Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, егер екі елдің арасы соғысқа ұласса, Қазақстанға өте ауыр болады. Ресей мен Қазақстан арасындағы ондаған миллиард доллар сауда айналымы дағдарысқа ұшырайды.

"Ал Қазақстан ҰҚШҰ аясында әскер жібере ме дегенге келсек, мұның бәрі соғысқа байланысты. Егер соғыс Украина аумағында болса, онда Қазақстан мүлде әскер жібермеуі керек. Ал Ресей жеріне ойысса, онда бейбіт әскер аттандыруға болады. Одан басқа амал қалмайды", - дейді ол.

Путин ондай адам емес – Марат Шибұтов

Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, Путин Украинаға басып кіретін адамға ұқсамайды. Киевті бомбалайтын адамның түрі ондай болмайды.

"Егер Путин киевті басып алғысы келсе, 2014 жылдан бері не қарап отыр. Дмитрий Медведев тақта отырса, онда 2014 жылы-ақ Украинаны басып алуы мүмкін еді. Қазір тек медиаұрыс болып жатыр. Ресей НАТО-мен саудаласып отыр", - дейді саясаттанушы.

Айта кеткен жөн, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қырым жерін аннексиялап алғанына келіспейтінін айтқан. Оның айтуынша, аннексия деген – өте ауыр сөз. Қырымның жағдайына қолдануға келмейді.

"Болған іс болды, бояуы сіңді", - деп түсініктеме берген еді.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61