Bugin
Қазақстанда жарты миллионнан астам адам баспанаға мұқтаж. Бірақ соған қарамастан пәтер кезегі жылжымайды. Тіпті, кейбір өңірлерде тұрғын үй кезегін жиырма жыл бойы күтетін азаматтар да бар. Бүгін осы мәселелерді көтеріп, Премьер-министрдің атына сауал жолдаған мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстандағы тұрғын үй саясатын түбегейлі өзгерту керек деді. Бұл туралы Bugin.kz порталы Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, үкімет жыл сайын мыңдаған шаршы метр үй салып, азаматтарды баспанамен қамтып жатырмыз деп есеп береді. Бірақ соған қарамастан, пәтер кезегінде тұрғандардың қатары азаймай келеді. Әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында үйсіз жүргендер өте көп. Мәселен, Түркістан облысының өзінде басында баспанасы жоқ азаматтардың саны соңғы төрт жылда 19 мыңға көбейген. Шымкент қаласы мен Алматы облысында да дәл осындай жағдай. Алайда, тұрғын үй салу қарқыны тым баяу дейді депутат.
Мәжілісменнің сөзінше, елде 170 мыңға жуық адамның жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен. Олардың дені - мүгедек азаматтар, ерекше балаларды асырап отырған отбасылар, жетімдер және көпбалалы жанұялар. Десе де, Үкімет осындай азаматтарға баспананы қолжетімді қылғанның орнына керісінше, қиындатып жіберген. Бұл еліміздегі көп әулеттің тіпті жеңілдетілген несиеге үй алу мүмкіндігі жоқ екенін айқын көрсетеді дейді мәжілісмен.
– «Әлеуметтік осал топтарға кіретін жетімдер мен мүгедектер санаты қайта сыртта қалып қойды. Оның үстіне «Шаңырақ» бағдарламасына арналған қаржы әлі ортақ оператормен келісілмеген. Үкімет үшін бір ай аз уақыт шығар, ал үйсіз отандасымызға бұл кезекті рет бөтеннің қалтасына түскен пәтер ақысының сомасы» - ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.