Bugin
Жұмысын сапасыз атқарған директорлар ротация бойынша басқа мектепке жіберілмейді. Керісінше олар аттестация арқылы жұмысынан босатылуы мүмкін. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Tengri Talk эфирінде айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
- «Бізде ротация деген түсінік те, институт та болған жоқ. Ал қазір біз оны заңға енгіздік. Әрине, ол біздің барлық әріптесімізге бірдей ұнамайды. 10, 15, 20 жыл бір мектепте басшы болған адам басқа білім ордасына ауысқысы келмейді. Бірақ, бір адамның 15 жыл бір мектепте жұмыс істеуі тиімділік мәселесіне әсер етпей қоймайтынын түсіну керек. Биыл мыңнан астам мектеп директорлары ротацияға ұшырайды», – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр директорлардың барлығына бірдей ротация қолданылмайтынын атап өтті. Яғни директор өз жұмыс орнында төмен нәтиже көрсетсе, онда ол белгілі бір тәртіппен қызметінен босатылады.
- «Қазір «Директордың еш тиімділігі болмаса, ол басқа барған мектебінің деңгейін түсіреді» деген пікір айтылып жатыр. Мұндайда қандай да бір сұрақ туындамайды. Егер директор тиімді болмаса, онда ол аттестация арқылы жұмыстан шығады. Мұндай тәжірибе дүниежүзінде бар. Мысалы, бізде де қазақ-түрік инновациялық білім лицейлерінің директорлары әр үш жыл сайын ауысып отырады. Бұл жұмыстың сапасын арттырып қана қоймай, сыбайлас-жемқорлық сынды мәселелердің алдын алады», – деп түсіндірді министр.
Әрі қарай ведомство басшысы ұстаздарды жұмысқа қабылдау тәртібіне де өзгерістер енгізілгенін айтты. Енді ұстаздар тек конкурс нәтижесінде жұмысқа кіре алады.
- «Мұның алдында директорлар мектепке ұстаздарды субъективті пікіріне сүйене отырып қабылдайтын. Әрине, директорлар да әртүрлі. Кейбіреуі айналасына ең мықты деген мамандарды топтастырғысы келеді. Оңтүстікке шыққанда кездесу өткізіп, тиісті шешімдер қабылдауға мәжбүр болдық. Конкурс кезінде оқушыларының облыстық олимпиадада жеткен жетістігі, кандидаттығы және т.б. көрсеткіштеріне қарай ұпай беріледі. Мұның барлығын тиісті құжаттармен дәлелдейді», – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр білім саласындағы дәл осындай кешенді өзгерістер меритократия принциптерін ұстанатын азаматтарға жол ашатынына сенімді.