Travel

Тәңір тәбәрігі - Бурабай

Қасиетті жер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қанша ақынның өлеңіне арқау, қазақтың жанына сая болған қасиетті жерлердің бірі – Бурабай. Көкшетау қаласына жақын орналасқан табиғи-сауықтыру кешенінің тарихы әріден басталады. Уағында бұл жерге арқаның шыбынсыз жазын аңсағанда Абылай ханның өзі келіп дем алатын болған. 

Ендеше біз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағыты бойынша өзіміздің дәстүрлі тақырыбымызды жалғастырамыз. Біздің бүгінгі материалымыздың негізгні бағыты бұрылатын қасиетті мекен – Бурабай өңірі.

Сонау 1920 жылы демалыс орыны ретінде танылған Бурабайдың бүгіні көз сүйсіндіреді. Қазіргі уақытта Елордаға жақын орналасқан демалыс орынына ТМД мемлекеттерінен, әлем елдерінен мыңдаған туристер келіп, демалып жатады.

Көз тартатын әсем табиғат, аңызы асқақтаған Жұмбақтас, Оқжетпес шыңының тарихы кімді де болса таң қалдырмасына қоймайды. 1951 жылы сауықтыру кешенінен «Бурабай» орман шаруашылығы деп өзгертілген қасиетті мекен Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жаңғырды. Алдымен, 1997 жылы орман шаруашылығынан «Бурабай» орманды табиғи-сауықтыру кешені» болып өзгертті. Араға үш жыл салып, ҚР билігінің шешімімен ескі атау «Бурабай» Ұлттық табиғи паркі» болып өзгеріп, мемлекеттік нысан деңгейіне көтерілді.

1878 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезінде болған орыс географы әрі саяхатшысы Иван Яковлевич Словцов артына мынадай жазба қалдырған:

«Қырғыз даласынан табиғаты көркем, жаратушының бар өнерін салып жасағанындай әсер қалдыратын осындай мекенді көремін деп ойласамшы... Шығыстан созылған таулардың жалғасы осы тұстан аяқталатындай. Шыңдардың ұшар басы бұлт құшып, Алтай және кавказ тауларын еске салады. Бұл жерде судың да үлкен қоры бар. Кішкене және ауқымды өзендерді қадам сайын жолықтым. Суының тазалығы, мөлдірлігі құдды бір асыл тасты еске салады. Әсіресе күн батар тұста көкжиекке қонған күн шапағы су бетіне жайылып, ерекше фантастикалық көрініске куә боласың».

Орыс саяхатшысының ауызының суын құртқан көрікті мекеннің біздің елімізде орналасқанына бақытты сезінбеуге болмас өзіңді.

Бурабайда бірнеше жыл қымызбен емдеу үдерісінің жүргенін біреу білсе, екіншісі білмейді. Ең алғаш қымызбен емдеу санаторийі 1910 жылы медицина докторы Емельяновтың бастамасымен ашылды. Үш жыл ішінде Көкшетау уезінде ашылған санаторийде 2 мыңнан астам адам ауруларынан құлан таза айығып шыққан.

1920-25 жылдары Петропавл-Көкшетау бағытында салынған теміржолдан кейін Бурабай ұлттық маңызы бар курорт атағын алды. Ал осынау қасиетті мекенге теміржол келгеннен кейін мұнда келуге асығатын адамдар саны күрт артты.

Теміржол келгеннен кейін курорттың даму қарқыны да күш ала түсті. 1927 жылы Шортанды өзенінің жанынан «Бармашино» атты санаторий ашылды. Осылайша біртіндеп басталған емдеу орындарының ашылуы жалғаса берді.

Кейіннен Ұлы Отан соғысы басталған кезде де Бурабайдың қадір-қаиеті төмендеп қалған жоқ. Соғыс уақытында Ресейдің шығыс және орталық аймақтарындағы ғылыми-зерттеу институттары Бурабайға ауыстырылды. Осы уақытта Бурабайда отыздан астам ғылым докторлары мен белгілі академиктер отбасымен бірге күн кешті. Олардың арасында Н.Ф. Гамалея, А.Н.Крылова, Г.М.Кржижановский, В.И.Вернадский, А.Е.Фаворский, Н.Д.Зелинский, С.А.Зарнов, Л.С.Берг, С.Н.Берщтейн, Л.И.Мандельштам және М.Горькийдің әйелі М.Ф.Андреева бар.

Қазақ халқында Бурабай жайлы кең тараған аңыз-әңгімелер көп-ақ. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетсек.

Бірінші нұсқада Алла ғаламды жаратқанда, қазақтарға тек қана далалы аймақтарды берген деседі. Бұған разы болмаған қазақтар Жаратушыдан таулар мен ормандарды беруін сұрайды. Бұған келісе қоймаған Алла қоржынындағы кереметтерден айырылғысы келмейді. Сол уақытта халыққа көмекке атақты қу Алдар Көсе келеді. Ол Жаратушымен жасырынбақ ойнауға келісіп, иен далада жасырыну үшін кішкене төбешіктер беруін өтінеді. Оның бұл өтінішін орындаған Алла «Бұқпаны» берген.

Кейіннен Алдар Көсе Жаратушының қапшығынан тесік жасап, қазіргі көрікті мекендердің орнауына сеп болған деседі.

Әрине, бұл – тек аңыз ғана. Алла қазақтың кең даласына шөкімдей етіп Бурабай кереметін жаратқан. Бұл да халықтың дархан пейіліне берілген Алланың шарапаты болар.

Ал киелі мекеннің географиялық хронолгиясына үңілсек, қазіргі Бурабай орналасқан жерде ерте замандарда терең көл орналасқан. Кейін мұз басу дәуірі орнап, артынша мұздықтар тараған уақытта бұл мекеннің климаты өзгеріп, терең сулы ұңғымалар пайда болды.

Міне, осындай тарихы, табиғи сұлулығы бар мекен Қазақстанның жүрек тұсында тұр. Бұл да Жаратушының бізге берген асыл сыйы.