Bugin

Премьер-министр азық-түлік бағасына қатысты тапсырма берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Премьер-министр Әлихан Смайылов өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты кеңес өткізді, деп хабарлайды bugin.kz порталы премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңесте мәлім болғандай, өңірлер бойынша бір апта ішінде бағаның ең жоғары өсуі Алматыда (0,6%), Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында (0,4%) тіркелді.

Соңғы аптада тұрақтандыру қорларына 100,7 мың тонна көлемінде картоп қоры дайындалды. Сондай-ақ, 31,7 мың тонна сәбіз, 24,5 мың тоннаға жуық қырыққабат, 23,5 мың тонна пияз, 11,6 мың тонна қарақұмық жармасы және 22 мың тонна күнбағыс майы бар.

Бүгінде өңірлер көкөніс өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін осы азық-түлік қорларын саудалай бастады.

«Жекелеген көтерме-бөлшек сауда базарларында бағаны негізсіз көтеру байқалуда. Бұған жол бермеу керек. Түптеп келгенде бұл инфляцияға әсер етеді. Бұл салада мүмкін, қадағалау органымен бірге тәртіп орнату қажет. Жедел шаралардан басқа, өндірушілердің көтерме-бөлшек базарларына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша нақты заңнамалық нормаларды белгілеудің жүйелі шараларын әзірлеу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу, сондай-ақ Атырау, Қарағанды және Қостанай облыстарында сауда-саттық кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-тен 10%-ке дейін төмендету бойынша 5 акті жасады.