Қоғам

Ауғаныстандағы қиналған қазақтарды елшілік қабылдамай жатыр (видео)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ауғаныстанда қазақ елшілігінен көмек сұраған этникалық топтың өтінішін дипломаттар қабылдамаған. Бір үзім нанға зар болған қандастар өздерінің қазақ екенін дәлелдей алатындарын айтады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 7 арнаға сілтеме жасап.

Тәліптер билікке келгеннен бастап ауған жерінде жағдай нашарлаған. Халық ел ішінде ішер ас таппай бүйрегін, одан қалса баласын сатып күнелтуде. Сол жақтағы қандастарымыз да қиын жағдайларымен бөлісіп елшіліктен көмек сұрайды.

«Біз оралман қазақтар мына жақта, Ауғаныстанда қиналып жүрміз. Ашпыз, жалаңашпыз. Жұмыс жоқ. Не болса да біздің қанымыз қазақ. Сол себепті Қазақстан президентінен бізге жәрдемдесуін сұраймыз», - деді қандастар.

Радикалдық ұйым білім ошақтарын шариғатқа негіздеп жатқандықтан балалардың мектепке баруын тоқтатқан. Ата-ананың жас ұрпақтың теріс ағымға ілесіп кете ме деген күдігі басым.

Құжатсыз болса да өздерінің қазақ екендерін дәлелдеуге бекініп отырған қандастарымыз өз ұлтының көмегіне зәру екендерін айтады

Сыртқы істер министрілігі болса бұл сауалға өздерін қазақпыз дейтіндердің саны артты деп жауап берді. Ауғаныстандағы елшілік өтініш танытқан азаматтарды мұқият тексеретінін хабарлаған.