Әлем
Қытай сыртқы істер министрі Ван И Украинаның шығысындағы жағдайға қатысты Бейжіңнің ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы РИА Новостиге сілтеме жасап.
Мюнхен қауіпсіздік конференциясында сөз сөйлеген министр Украинаның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырды.
«Мен бірінші сұрақ Украина мәселесі болады деп күткен едім. Біріншіден, кез келген елдің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы құрметтеліп, қорғалуы тиіс екенін атап өткім келеді, өйткені бұл халықаралық қатынастардың негізі, бұл дәйектілік. БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына сай және бұл Қытай үкіметінің тұрақты ұстанымы.Украина да ерекшелік емес», - деді Ван И.
Ол Донбасстағы қақтығысты Минск келісімдері аясында шешу керектігін атап өтіп, тараптарды «терең талқылаулар жүргізу және келісімді жүзеге асырудың жол картасы мен шарттарын әзірлеу үшін» келіссөз үстеліне қайта оралуға шақырды.
Ван И бұл мәселеде барлық тараптардың өз алаңдаушылығын білдіре алуы керектігін және «Ресейдің негізді алаңдаушылығын да құрметтеу және ескеру қажет» деп атап өтті.
«Украина жетекші державалар арасындағы текетірестегі алдыңғы шеп емес, Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір болуы керек», - деді Қытай СІМ басшысы.
НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне тоқталған Қытай министрі Еуропа бұл шынымен аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ете ала ма, жоқ па, соны байыппен қарастыруы керек деді.
«НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі шынымен Еуропадағы бейбітшілікке кепілдік бере ме? Бұл шынымен де Еуропадағы тұрақты бейбітшілік пен тұрақтылыққа әкеле ме? Менің ойымша, бұл біздің еуропалық достарымыз мұқият ойластыруы керек мәселе», - деді Ван И.
Ол Қытайдың НАТО-ға қатысты ұстанымының өзгеріссіз екенін және НАТО баяғыда аяқталған қырғи-қабақ соғыс дәуірінің өнімі екенін, бірақ қазіргі жағдайдан шығуымыз керек екенін атап өтті.