Қоғам
Атырау облысында жеті баланың анасын кредит үшін пышақтап өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Bugin.kz порталы «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сотта қылмыстың мән-жайы белгілі болды.
Кей деректерге сүйенсек, өткен жылы наурыз айында жеті баласы бар 35 жастағы келіншек Құлсары қаласының 25 жастағы танысынан кредит алып беруді сұраған. «Алтын Алқа» иегері ай сайынғы төлемдерді уақытында төлеуге уәде берген.
Бірақ баспаханада еден жуушы болып жұмыс істеген әйел уәдесін орындай алмапты. Кредит алып берген ер адам оны сол үшін өлтірген. Қараша айында ол келіншекті аңдып, жұмыстан шыққан жерінде пышақтап кеткен. Көпбалалы ана алған жарақатынан көз жұмды.
Оның артында жеті баласы мен күйеуі қалды. Үлкен баласы колледже оқиды, ал кенжесі бес жасқа толды. Қылмыскер әйелге 8 жерден пышақ салған.
Сот үкіміне сәйкес, ер 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья оның өз кінәсін мойындағанын және полицияға өздігімен келгенін ескерген. Сондай-ақ отбасылық жағдайына мән берген. Тергеу шараларына да белсенді атсалысты.