Bugin
Соңғы екі жыл әлемдік туризм үшін өте ауыр болды. Бүкіл әлемдік туризм ұйымының UNWTO мәліметінше, туризм саласы өзінің ковидке дейінгі деңгейіне тек 2023 жылдан кейін ғана жете алады. Бұған себеп әуе байланыстары әлі күнге дейін өзінің максималды мүмкүндігін пайдалана алмай отыр. Шекаралар толық ашылған жоқ, оған қоса вирустың жаңа штаммы пайда болған сайын әр мемлекет өзінің жеке карантиндік шараларын енгізіп жатыр.
Отандық туризм 2021 жылы қалыпты деңгейдегі өсуін байқатты. Мысалы, 2019 жылы ішкі туристер (Қазақстан азаматтары) 5074400 адам болса, 2020 жылы 3058700 адам (ковидтік шектеулерге байланысты 2020 жылы азаматтарымыз локдаунда болды), ал 2021 жылы 5217300 адамды құрады. Ішкі туристер санының өсуіне түрлі себептер бар. Бірінші фактор - жаңа туристік орындар санының артуы. Былтыр Ақтауда, Алматы облысында, Алматы қаласында, Ақмола облысында жаңа үлгідегі қолжетімді демалыс орындары пайдалануға берілген болатын.
Екінші - туристік маршруттар санының артуы. Оған мысал ретінде облыс орталығы болғаннан кейін Түркістан қаласының нағыз этно-туризмнің орталығына айналғанын айтуға болады. Оған қоса 2021 жылдың 7 желтоқсанында «Ұлытау» ұлттық паркі құрылды. Бұл парк алдағы уақытта Шыңғыс хан заманына қызығатын азаматтар үшін таптырмас туристік маршрут болуы ықтимал. Себебі аталған жерде әлемді жаулап алған моңғол ханының тұңғыш ұлы Жошы хан жерленген.
Үшінші - аймақтардағы инфорқұрылымдардың жақсаруы. Алайда бұл фактор әлі күнге дейін толық аяқталып болған жоқ. Тіпті, кей өңірлерде инфроқұрылым мүлдем жоқ. Мысалы, Даниал Ахметов басқаратын Шығыс Қазақстан облысының туристік маршруттарына жолдың жоқтығынан жету қиын, ұзақ уақытты алады. Ал турдың құны көбіне трансфер құнымен өлшенгендіктен, бұл аймақтарға барып демалу басқа өңірлерге қарағанда қымбатқа түседі. Шығыстың туристік флагманы саналатын «Қатон қарағай» ұлттық табиғи паркіне бару Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркіне барып демалғаннан әлдеқайда қымбат. Оған бірінші себеп жолдың жоқтығы, екінші, Шығыс Қазақстанда топтық турлар ұйымдастыратын компаниялар тапшы. Екінші проблема бірінші проблеманың болуынан пайда болып отыр. Топтық турлар бағаның арзандауына өте үлкен әсер етеді. Мысалы, 18 адамдық микроавтобусты жалға алу құны, 7 орындық туристік көлікті жалға алу бағасымен шамалас. Ал туристік оператор пайданы әр туристтің санынан табатынын ескерсек, оларға топтық тур ұйымдастырған тиімді, ал туристке турдың бағасы арзан түседі. Win win. Жалпы Алматы облысы, Алматы және Нұрсұлтан қалаларынан басқа өңірлерде топтық турлар деген түсінік мүлдем жоқ. Туристік өңірлерде топтық турлар ұйымдастыратын операторлар пайда болғанда ғана демалыстардың сапасы артып, көпшілікке қол жетімді болады. Алайда туроператорлардың көбеюі Алматыдағыдай «жабайы» туризмнің санының артуына алып келмеуі тиіс. Алматы қаласында мемлекеттік лицензиясы жоқ, алайда автобусты турлар ұйымдастыратын компаниялардың саны өте көп. Оны тексеретін құзырлы орган біздің мемлекетте бекітілмеген. Сол себепті былтыр жаз мезгілінде «Шарын» ұлттық табиғи паркінде болған су тасқыны қайғылы жағдайға алып келді. «Жабайы» туризм көктем мезгілінде басталып, жаз аяқталған соң тоқтайды. Ешқандай тіркеусіз, (демек салық төлемейді) кеңсесіз, туристік қызметке берілетін лицензиясыз, сертификаты жоқ гидтерсіз тек әлеуметтік желілер арқылы туристерді жинап тур ұйымдастыратын бұндай «жабайы» компаниялар ішкі туризмнің сапасын түсіреді. Осындай компаниялармен турға шыққан жағдайда форс-мажорға тап болған туристте ешқандай кепілдік болмайды. Жоспарланған турдың өтпей, турист ақшасын қайтара алмай қалған жағдайларды да кездестіріп жүрміз.
Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқанын география пәнінен оқығанбыз. Дәл сол ендіктердегі Шығыс Еуропа қоңыржай континенттік климатымен, ал Батыс Еуропа субтропиктік климатымен ерекшеленсе, Қазақстан шұғыл континенттік климатты. Қазақстан жерінде қатаң Сібір суығы мен капырық Орта Азия ыстығы тоғысып жатыр. Қазақстанның географилық орналасқан аймағы туризммен тек мезгілдің жылы кезеңінде айналысуға мүмкіндік береді. Отандық туризм саласының кәсіпкерлерінің 365 күн туризммен айналысу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да туристік операторлар, демалыс орындарының иелері, трансферлік компаниялар маусымның жылы кезінде, яғни сұраныс артқан уақытта бағаны жоғары қояды. Демалыс орындары жазғы уақытта тапшы болса, ал қысқы уақытта бос тұрады. Сол қысқа уақытта олар барынша мол пайда табуды көздейді. Мысалы, Қазақстанның топ-10 туристік орнына енетін Алакөлде демалыс орындары бар кәсіпкерлер небәрі 2,5 ай ғана жұмыс істейді. Маусым айының ортасы мен тамыз айының ортасына дейін туристерден сұраныс болады. Ал қалған уақытта демалыс базалары жабық тұрады. Кәсіпкерлердің демалыс орындарындағы сервиске аса көңіл бөлмеуі де сондықтан. Өзі аз ғана уақытта сервиске жұмсалған уақыт пен қаржыны ақтау ұзаққа созылады. Бұл - Қазақстандағы көптеген демалыс орындарының бас қатыруы. Біздің туристеріміздің Қазақстандағы қызмет көрсетуге көңілі толмайтындығы түсінікті жағдай және алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі дегенге сену қиын. Қазақстандық кәсіпкерлерден «түрік сервисін» талап ету бос әурешілік.
Туризмді 365 күнге созу мүмкін бе? Қысқы туризм неге қымбат? Оны қалай дамытуға болады?
Бұл сұрақ туризм саласында жүрген барлық кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдардың, «Қазақ туризм» ҰК қазіргі уақыттағы басты бас қатыруы болып табылады. Алайда нақты шешім табу өкінішке орай мүмкін болмай тұр. Оған себеп - кәсіпкерлер мен аталған органдардың сапалы жұмыс істемей отырғанынан емес. Қысқы туризм әлемнің қай жерінде болмасын қымбат саналады. Ал баға қымбат болғандықтан, халықтың жағдайы бұл демалысты көтеруге жете бермейді. Керісінше Қазақстандағы қысқы туризм әлемдік бағалаумен салыстырғанда арзан.
Қысқы туризм белсенді туризм санатына жатады. Шаңғымен сырғанау, сноубордпен құлдилап таудан түсу, тюбигті баллонмен сырғанау, коньки тебу - барлығы белсенді қимылды қажет ететін демалыс түрлері. Денсаулыққа пайдасы зор туризмді өкінішке орай біздің азаматтарымыз пайдаланбай отыр. Қысқы туризмді дамыту арқылы біз ішкі туризмді 365 күнге соза аламыз. Ол үшін тағы да инфроқұрылым және қолжетімді демалыс орындары пайда болуы керек. Инфроқұрылым дегенде қайтадан Шығыс Қазақстан ойға түседі. Шығыс өңірдің қысқы туризмді дамыту әлеуеті өте зор. Алтайдың етегі атақты «Роза Хутор», «Обертауерн» немесе «Куршевельден» еш кем емес. Тек оған баратын жол мен сол деңгейдегі курорттар тапшы. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанның деңгейі мынау көрші Қырғызстандағы «Қаракөлдегі» демалыс орындарына да жетпейді. Ал «Шымбұлаққа» келетін болсақ бұл курорт өз мүмкіндігінен де көп жұмыс істеп отыр. «Шымбұлақ» Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің территориясында орналасқандықтан, бұл жерге жүктеуді азайту қажет. Ал «Шымбұлақ» сияқты жаңа замануи курорт болмағандықтан, Алматы қонақтары мен қала тұрғындары қысқы маусымда бұл жерге ағылады.
Біздің қысқы туризм еуропалықтар үшін тым арзан, ал қазақстандықтар үшін қымбат.
Алдағы уақытта туризмде не трендке айналады?
Былтырғы жыл көрсеткендей биыл экотуризмнің дамуы одан ары артады. Себебі «Омиркон» штаммы күннен-күнге өршу үстінде. Мемлекеттік санитар шетелден келетін азаматтарға вакинация паспорты болса да ПТР тестін міндеттеді. Бұл шет елге барып демалатын азаматтардың азаюына аз да болса әсер етеді. Қазіргі уақытта халық жаңа шектеулердің пайда болуы мүмкін деп алаңдаулы. Сондықтан жоспарларын кейінге қалдырып отыр. Ал бұл - отандық туризмге қосымша көмек. Бірақ аталған шектеулер еліміздегі демалыс орындарына да міндеттелуі мүмкін. 2020 жылы автобусты турларды жүзеге асыруға тек Ashyq статусы жасыл және 15 адамға дейін ұйымдастыру мүмкіндігі болған. Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге жаңа шектеулер енгізуді тоқтату қажет деген үндеуінен кейін еліміздің бас санитары шектеулер санын бірнеше есеге қысқартты. Демек 2022 жылы шектеулер саны аз болып, кәсіпкерлер жұмыстарын еркін жүргізуге мүмкіндік алатын сияқты.
Covid - адамдарды онлайн өмірге көшуге мәжбүрлегеннен кейін, оффлайн кездесулердің мәні артты. Қазір азаматтар оффлайн демалысты мәнді әрі сапалы өткізуге көшті. Covid-ке дейінгі өмірде қала ішіндегі демалыстар трендте болса, қазіргі уақытта достармен бірге табиғат аясындағы демалыстар сәнге айналды. Және мамандардың айтуынша қазіргі уақытта 12-15 адамдық демалыстар саны күрт өскен. Бұл дегеніміз локдаунда үйге қамалып, достарын, жақындарын сағынған адамдардың берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалануға үйренгенін көрсетеді. Шекара ашық кезде өз үйінің алдындағы әдемілікті көрмей алысқа баруды армандайтын жандар, осы уақыт аралығында терезесінен көрінетін жерлерге баруға көшті. Бұл «микротуризм» деген түсініктің пайда болуына әкелді. Яғни, азаматтар арасында үйінің қасында орналасқан музейге, жаяу баруға болатын парктерге, аспаздық немесе қолөнер мастер-класстарына бару деген түсінік пайда болды.
Соңғы екі жылда қазақстандық туристер арасында глэмпинг деген жаңа сөз лексиконға енді. Осындай демалыстар ұсынатын жаңа компаниялар пайда болды. Глэмпинг - экологияны сақтай отырып, адам аяғы тимеген жерде, бірақ өте комфортты түрде ұйымдастырылатын демалыс түрі.
Авторлық турлардың пайда болуы да былтырғы жылға тән тенденция. Авторлық турлар тек қана ішкі туризмде емес, сыртқы туризмде де трендке айналды. Біз былтыр блогерлердің, кәсіпкерлердің, шоу-бизнес өкілдерінің өз авторлық турларын ұйымдастырғанын байқадық. Ал ішкі туризмді насихаттау үшін ұйымдастырылған Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Қыран Талапбек сияқты азаматтардың авторлық турлары көпшілік арасында сұранысқа еніп, отандық туристік орындардың танылуына өз септігін тигізді. Локдаун уақытында бізде өзіміздің Птушкиндер пайда болды. Украиндық тревл-блогерлерден еш кем түспейтін, ал түсірген контенттері тіпті бұрынғы «Орел и Решка» жұлдызынан асып түсетін видео блогерлер жұмысы отандық туризмнің дамуына әсері зор. Атап айтсақ, Әділет Рахметолла, Әнуар Нұрпейісов, Сәкен Кагаров, talashin атымен белгілі Талғат Бекмағамбетов. Олар контенттері арқылы Қазақстанның әлі жұрт білмейтін жерлерін ашып, экотуризмнің дамуын үдету үстінде. Ал Youtube платформасындағы Алимбек Ұланның влогтары Қазақстан ауылдарының кереметтерін әңгімелейді.
Туристік аймақтарға халық көп барған сайын азаматтарымыз түрлі қиын жағдайға да ұшырап жатыр. Естеріңізде болса былтыр Түркістан облысының Төле би ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адам жоғалып кеткен еді. Ешқандай құрал-жабдығы мен тәжірибесі жоқ, тауға дайындықсыз шыққан жігіттердің өкінішке орай жартысы үйлеріне оралмады. Алматыда да 2021 жылы тауға жалғыз көтерілген бір жас жігіт тау бөктерінде жан тапсырды. Бұл жағдайлардың барлығы азаматтарымыздың тауға шығу ережелерін сақтамағандықтан, орын алған болатын. Оған қоса елімізде осындай ережелерді түсіндіретін, оқытатын орталықтар тапшы. Бір ғана Алматыда ерікті түрде тауға дұрыс шығу мен эко-мәдениетті тегін үйрететін «Тамыр» атты мектеп бар. Алайда бұл мектеп 2 миллиондық Алматыға да аздық етеді.
Қазақстанда қалалық және облыстық туризм басқармаларына қарайтын «visit» орталықтар бар. Алайда ол орталықтар шын туристке қызмет етпейді, бар болғаны астанадан келген шенеунікке көрсететін еш қажетсіз ғимарат қана. Алматының өзінде бұндай бірнеше орталықтар бар. Бірақ шетелдік туристі айтпағанда, бұл жерлерге өз азаматтарымыз да кірмейді. Кірген жағдайда да сол орталықтың қызметкерлерінен дұрыс ақпарат ала алмайды. Тексеріп көрсеңіз болады. «Мәдениет дәретханадан басталады дегенді» біздің әкімшіліктер әлі түсінген жоқ. Ұлттық парктер мен туристік маршруттарда туристерге қойылған дәретханалардың есігі үнемі жабық тұрады. Мемлекеттің қаржысына салынған әлгі мәдени ғимараттар сол баяғы әкім-қара келгенде көрсететін көрмелік бұйым іспеттес қана.
Қорыта келгенде, еліміздің эко-туризмді дамытудағы әлеуеті өте зор. Қазіргі уақытта бизнес мұны түсініп, ал мемлекеттік органдар тиісті шаралар жасау үстінде, бірақ өте баяу. Алайда туризм саласы табиғатқа байланысты болғандықтан, бұл саланы бір жақтан қарап, дамыту үшін шұғыл әрекеттер жасау мүмкін емес. Себебі үнемі табиғат жанашырлары мен бизнес өкілдері арасында дисскусиялар таусылмайды. Оған мысал Бозжыра мен Көкжайлау. Сондықтан да біздің туризмнен жоғарыда айтқандай түріктің сервисін талап ету мүмкін емес.
Азаматтарымыз Қазақстанда демалу қымбат дегенді жиі айтады. Бұнымен келіспеске болмайды. Себебі біздің елдегі туроператорлар ұсынатын пакетті турлар орта тап өкілі саналатын азаматтарымызға да қымбатқа түседі. Оның ең басты себебі - әуе билеттерінің қымбат болуы. Туристік операторлар ұсынатын турлар көбіне трансфер бағасына тәуелді. Ал елімізде әуе компаниялар санаулы, сондықтан да билеттері де қымбат. Осы орайда мемлекет ұсынып отырған Kids Go Free бағдарламасы. Бұл бағдарламада ұшақ билеттерінің 17 жасқа дейінгі балаларға билет құны тегін. Яғни мемлекет қаржысынан төленеді. Бұл жеңілдікті пайдалану үшін туристке туроператорлардан дайын туристік пакет алу қажет. Оның ішіне міндетті түрде әуе билеті мен қонақ үйге орналасу кіреді. Аталған бағдарламаны тек Қазақстан азаматтары пайдалана алады. 2022 жылдың 1-қаңтарынан басталған жобаның нәтижесін тек жылдың соңында ғана көре аламыз. Бірақ балалардың әуе билеттері тегін болуының өзі, жалпы демалыстың бағасының арзандауына алып келетіні анық.
LIMON TRAVEL компаниясының негізін қалаушы, Алмас МАРАТҰЛЫ