Bugin

Ресей-Украина жанжалынан теңге қатты құлдырауы мүмкін – сарапшылар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сарапшылар теңгенің бағамы Ресей мен Украина жанжалының кесірінен қатты құлдырап кетуі мүмкін деп отыр. Олардың болжамынша, $1 құны 447 теңгеге жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде 441 теңгеге теңесіп тұр.

Мәселен, AERC Beta LLP директоры Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, Ресейдің Донбас пен Луганскіні тәуелсіз мемлекет деп мойындауы әлем елдерінің қарсылығына ұшырап, оның соңы RUB/USD индексіне тікелей әсер ететінін айтады. Оның болжамынша, рубль 10 пайызға дейін құлдырауы мүмкін.

"Рубль құлдырады. Қазір $1 құны 80,3 рубльге түсті. Баты елдері мен АҚШ санкция енгізсе, рубль одан әрі құлдырайды", - деп жазады Айтқазин.

Оның айтуынша, рубльдің құлдырауы сенімді сауда серіктесі саналатын теңгенің де құлдырауына әкелетіні анық.

"Қазір елімізде салық аптасы өтіп жатыр. Сондықтан теңгенің курсы күшпен ұсталып тұрмақ. Кеше $1 құны 426,5 болатын. Ал бүгін кешке дейін теңге 433-438-ке дейін құлдырауы мүмкін. Ал RUB/KZT бағамы 5,39-5,45 шамасында болмақ. Ең аз дегенде, теңге долларға шаққанда 442-447 теңгеге дейін құлдырайды. Ал рубльге шаққанда 5,57 теңге болмақ. Ресейге экономикалық санкция салынса, Қазақстанның жағдайы қиындары анық. Уақытша теңгенің құнын ұстап отырмыз, бірақ теңгеге қысым күшейіп барады", - деп болжам жасайды сарапшы.

Ал "Финама" аналитигі Андрей Масловтың айтуынша, Қазақстанның Украина дағдарысына бейтарап тарап танытқаны дұрыс. Донбас пен Луганскіні көрші елдің тәуелсіз деп тануы қазірдің өзінде теңгеге соққы боп тиді. $1 құны 427 теңгеден 435 теңгеге құлдырады.

"Бұл басы ғана. Егер АҚШ пен ЕО санкция қолданса, мұнайдың бағасы құлдырап, теңгенің халі мүшкіл болмақ. Шамамен, $1 құны 450 теңгеге дейін түсуі мүмкін. Бұлай болмас деп сенейік. Әзірше теңгенің долларға шаққандағы бағамы 430-440 шамасында болады деп ойлаймын", - дейді аналитик.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының маманы, аналитик Рамазан Досовтың айтуынша, теңгенің бағамына әсер етуші факторлар мыналар: мұнай бағасы, ресей рублі, Ұлттық банктің монетарлы саясаты, республикалық бюджет пен халықтың сатып алу жағдайы.

"Ресей мен Қазақстанның экономикалық байланысы тығыз екені белгілі. Теңгенің курсы мен елдегі экономикалық жағдай ең алдымен санкциялық шараларға тікелей байланысты. Әзірше бәрі белгісіз", - дейді Рамазан Досов.

Сондай-ақ, бүгін Ұлттық банк геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты теңгенің 4 пайызға құлдырағанын мәлімдеді.

"Украинаның айналасындағы жағдайдың ушығуы және геосаяси қауіп-қатерлердің өсуі салдарынан қаржы нарықтарының құбылмалылығы күрт күшейіп кетті. Ресейге қарсы санкциялар қатаңдайды және жаһандық инвесторлар ресейлік активтерден шыға бастайды деген қауіп бар. Бұның барлығы ресейлік рубльге қысым жасап отыр. Соның бір тәулік ішінде көрші елдің валютасы 4 процентке әлсіреді", - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы орынбасары Әлия Молдабекова.