Bugin

Президентті қорғаймын деген Берік Уәли сынның астында қалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысын «ақпараттық шабуылдан» қорғаймын деп, сынның астында қалды. Бұл туралы oinet.kz сайты жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Осы аптада атышулы Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP ) Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты зерттеулерін жария етті. Айта кетейік, аталған орталық - әлемдегі журналистік зерттеулерге қатысты БАҚ пен жекелеген зерттеушілердің бірлестігі. Орталық бұған дейін талай саясаткерлердің шетелдерде жасырған қаражаттарына қатысты зерттеулерін жариялап, ол қоғамда үлкен резонанс тудырған. Әшкереленген кейіпкерлердің арасында экс-президент Назарбаев пен оның отбасы мүшелері де болған.

Орталықтың осы аптадағы жарияланымына қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ажырасып кеткені жұбайы Надежда мен ұлы Тимурдың швейцариялық банкте 1998 жылдан бастап кем дегенде 1 миллион доллар қаражаты болған. Тимур ол кезде Женевадағы қымбат мектеп-интернатта оқып жүрген.  Тоқаевтар сонымен бірге британиялық Виргин аралдарында Wishing Well Group Inc. және Wisdom Invest & Finance Inc. деп аталатын офшор компанияларын ашқан. Wishing Well Group Inc Надежда Тоқаеваға, Wisdom Invest & Finance Inc. – Тимур Тоқаевқа тиесілі болған. Екі фирма Ұлыбританиядағы Edelweiss Resources LLP компаниясына иелік еткен. Бұл компанияның 5 миллион доллар активі болған. Бұдан бөлек олар Женева мен Мәскеуден кемінде 7 миллион долларға пәтерлер сатып алған. Зерттеушілер мұның бәрін Швейцарияның аса ірі Credit Suisse банкінің клиенттері жайлы көпшілікке тарап кеткен мәліметтердің негізінде білгендігін атап өткен. Бұл кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі, премьер-министр, Сенат төрағасы, БҰҰ-ның бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімінің басшысы болып істеген.

Сонда Тоқаевтар әулеті мұншама қаражаттарды қайдан алған? Зерттеушілер осы жөнінде Тоқаевтар отбасына сұрау салғанын, бірақ ешқандай түсінік берілмегенін еске салыпты. Есесіне Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы:

- Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатқандай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың швейцариялық банкте қаржылық шоты жоқ. Сондай-ақ Президенттің шетелдік банктер мен офшорлық компанияларға да ешқандай қатысы болмаған және шетелде жылжымайтын мүлкі де жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұрынғы жұбайының да мақалада жазылғандай ешқашан қаржылық шоты болмаған. Тимур Тоқаевқа келетін болсақ, жасы 38-де. Ол – кәсіпкер, ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген. Өздеріңіз білесіздер Президент экономика мен саясаттағы монополияны шектеуге, реформаларды жүзеге асыруға күш салып келеді. Бұл Мемлекет басшысының осындай шешімдерін жақтамайтын адамдардың әдейі таратып жатқан фейк ақпараттық шабуылы деп ойлаймын, - деп жариялады. Алайда жоғарыдағы мәліметтер OCCRP-дің ресми сайтында жарияланған болса, оны фейк деуге бола ма? Берік Уәлидің мұны Президенттің реформаларымен байланыстыруы қаншалықты қисынды? 

Белгілі әлеуметтік желі белсендісі Ғалымжан Оразымбет хатшының бұл жазбасына қатысты:

- Берікті ауылдан әкетсең де, ауылды Беріктен алып тастай алмайтының қандай өкінішті. OCCRP деген не деп ең болмаса википедияға кіруді ойланбаған адам. Әшейінде жұрт дереккөз болуға жарамайды деп менсінбейтін, ең қарабайыр ақпараттар қоймасы - википедияға кіріп қарамау деген енді. Жә, аудандық «Аягөз азаны», «Шалқар шалқымасы» газетінің редакторы болса мақұл. Білдей бір ел президентінің прессегі. Испан масқарасы. Бәріміз Берікке көмектесіп жіберейік,-деген пікір білдірді. Егер Президентке қатысты әлемдік ақпарат құралдарында жарияланып жатқан деректерге мейілінше тұщымды жауап берілгенде бәрі басқаша болар ма еді?!

Жоғарыдағы орталықтың жариялаған мәліметтері  жұртшылық өте таза, сыбайлас жемқорлықпен былғанбаған деп есептейтін  Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне әжептәуір нұқсан келтіріп отырғаны рас.  Президенттің жуырда құзырлы органдарға шетел асқан қаражаттарды елге қайтару жөнінде тапсырма бергені  де белгілі. Осындай кезде баспасөз хатшысы Берік Уәлидің президентті қорғаймын деп, қисынсыз жазба жариялап, сынның астында қалғаны ыңғайсыздау болды. Сонда Б.Уәлидің мұнысы сауатсыздық па әлде мәжбүрлік пе?