Bugin

«Жарты миллион теңгенің кеңсе тауары»: Оразалиннің қаламсабы Сапарбаевтан қалған ба?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтөбеліктер облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің жұмыс үстеліндегі кеңсе заттарын арнайы бренд тауарларына қатты ұқсатты. Шенді шамамен құны жарты миллион теңге болатын «El Casco» бұйымдарын пайдаланатыны рас па?

Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан Оңдасын Оразалиннің жұмыс үстеліндегі сурет кейбір қала тұрғындарының қызығушылығын туғызды. Кеңсе тауарларын «El Casco» танымал испандық брендке ұқсатты.

Кеңсе тауарларының элиталы түрін ұсынатын аталмыш компанияның парақшасын қарап шықтық.

Шенеуніктің жұмыс үстелінде тұрған қаламсалғыш стаканға ұқсас тауар мұнда 13 175 рубль (71 519, 17 теңге) бағаланған.

Әкімнің алдында тұрған қаламсалғышы бар үстел сағатына қатты ұқсас тауар 40 800 рубль (221 478, 72 теңге) тұр.

Испандық компанияның сайтынан дәл сондай қағаз қойғышты 27 200 рубль (147 652, 48 теңге)табуға болады.

Ақпараттың шындығына көз жеткізу үшін Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқару басқармасының басшысы Мейрам Әуелбековке хабарластық.

«Әкімнің кабинеті үшін мемлекет ақшасынан бір тиын да шыққан жоқ. Кабинеттің жөндеу жұмысына да, да басқаға да ақша бөлінген жоқ. Жұмыстар демеуші көмегімен істелінді» дейді Мейрам Әуелбеков.

Мәліметті облыс әкімінің баспасөз қызметінен де нақтыладық. Баспасөз қызметі әкімнің алдында тұрған қымбат бұйымдардың қандай фирмаға тиесілі  және әкімдікке демеуші болған кәсіпкердің кім екені білмейтін болып шықты. Айтуларынша, көздің жауын алатын кеңсе тауарлары он жылдан бері бар.

«Қандай фирма екенін білмедім, іс басқармасының айтуынша, он жылдан бері бар заттар. Әрбір әкімнен ауысып, бір-біріне қойылады. Бізге дейін тұрған нәрсе. Сапарбаевтан да қалған… Мүмкін оның алдында алынған шығар. Он жылды есепте. Оның алдында Архимед бар, басқа бар. Он жыл бұрын алынған зат» дейді облыс әкімінің баспасөз қызметінен Мұратбек Ержақып.

Авторы: Ардақ Ерубаева, Ақтөбе