Bugin

Тоқаев Сингапурдың ірі кәсіпкерімен кездесті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан Президенті PSA компаниялар тобының бас басқарушы директоры Тан Чон Мэнді қабылдады. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың PSA компаниялар тобының бас басқарушы директоры Тан Чон Мэнмен бейнебайланыс режимінде кездесу өткізді.

Бұл компания жобалау, құрылыс, құрлық пен теңіз порттарын басқару, сондай-ақ көлік-логистикалық, сауда және кеден үдерістерін цифрландыру жұмыстарымен айналысады. PSA желісінің 26 елде 50-ден астам филиалы бар.

Әңгімелесу барысында Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-логистикалық және инфрақұрылымдық әлеуетіне назар аударып, Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлық транзиттік тасымалдың 83 пайызы біздің еліміз арқылы өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, PSA компаниясының порттарды басқару, логистика және цифрландыру бағытындағы тәжірибесі ерекше қызығушылық туғызады.

Тан Чон Мэн кездесуге мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстан аумағындағы әртүрлі көлік-логистикалық жобаларға инвестиция салуға зор қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар сингапурлық бизнесмен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен бірлесіп, логистикалық қызмет көрсету және цифрлық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ сингапурлық тәжірибеге негізделген кедендік рәсімдерді трансформациялау үшін өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Компанияның жоспарымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев PSA компаниясымен арадағы ынтымақтастықтың дамуын бақылауға алатынын және өзара тиімді нәтиже күтетінін айтты.

Кездесу барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының төрағасы Нұрлан Сауранбаев PSA компаниясымен бірлескен жұмыстардың перспективасына қатысты өз ойларымен бөлісті.