Bugin
"Қазтрансойл" АҚ бас директоры болып Талғат Құрманбаев сайланды. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
"ҚазТрансОйл" АҚ Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес Талғат Құрманбаев 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап "ҚазТрансОйл" АҚ Бас директоры (Басқарма төрағасы) болып сайланды", - делінген таралған ақпаратта.
Айта кеткен жөн, экс-президент Н.Назарбаевтың күйеу баласы Димаш Досанов 15 қаңтар күні қызметінен босаған еді. Ол – Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі. Оның қызметтен босауына қаңтар оқиғасы себеп болды.
"ҚазТрансОйл" АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор. "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км магистральдық мұнай құбырларының әртараптандырылған желісіне ие. Мұнайды қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа келесі бағыттар бойынша тасымалдайды: "Өзен-Атырау-Самара" магистральдық мұнай құбырының "Атырау-Самара" учаскесі, «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС жүйесіне ауыстырып тиеу ("Атасу-Алашанькоу" мұнай құбыры), Ақтау порты (мұнайды танкерлерге құю), "Каспий Құбыр Консорциумы-Қ" АҚ жүйесіне ауыстырып тиеу, "Шағыр" МҚП және Т.Қасымов атындағы МАС теміржол цистерналарына мұнай құю.