Bugin

АЭС құрылысына 5 миллиард АҚШ доллары жұмсалмақ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда салынатын атом электр стансиясының бір блогының құрылысына шамамен 5 миллиард АҚШ доллары кетпек. Бұл қуаты 1000-1200 мегаваттық реактордың бағасы. Нақты баға станция орнататын компания анықталғаннан кейін белгілі болады. Бұл туралы Bugin.kz порталы Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір АЭС құрылысы бойынша әлемдік 6 компанияның ұсынысы қаралып жатыр. Министрлік өкілдерінің айтуынша, экология мәселесі әлем бойынша күн тәртібінде тұр. Болашақта көмір энергиясын пайдалануды азайту керек. Себебі әлемдік қаржы ұйымдары көмір стансаларының құрылысын қаржыландырудан бас тартып отыр. Сондықтан атом электр стансиясын салу жалғыз шешім дейді мамандар. Ал жел, күн секілді қалпына келетін энергия көздерін үздіксіз пайдалану мүмкін емес.

Атом электр стансиясы қайда салынатыны, құрылысы қашан басталатыны әлі белгісіз. Бірақ сарапшылардың пікірінше, Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен елді мекені құрылыс үшін ыңғайлы.

– «Халық ішінде радиофобия бар. Атом энергетикасында қолданылатын технологиялар туралы жеткілікті деңгейде хабардар емес. Екіншіден, тарихи себеп бар. Мысалы, Семей полигонындағы жарылыс немесе әлем елдерінде болған Фукусимо, Чернобыль сияқты апаттар үрейлендіреді» - дейді Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жаслан Қасенов.