Bugin

"Қазақстанға әскер кіргізгеніміз сықылды" – Путиннің Украинаға қарата айтқаны

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

РФ президенті В.Путин астана уақытымен таңғы 08.30 шамасында "Россия-24" телеарнасынан халқына үндеу жасады. Үндеуде Донбас пен Луганскіде украин әскерилері шабуыл жасап жатқанын алға тартып, Украинаға қарсы демилитаризация (әскери күштерді талқандау) мен денацификация (жаудың әскерін аумақтан қуып шығу) әскери операциясын бастайтынын хабарлады.

"БҰҰ Жарлығының 51-бабы, Федерация кеңесінің санкциясы бойынша арнайы әскери операция жүргізуге шешім қабылдадым. Украинаны демилитаризация мен денацификация жасауға тырысамыз. Бірақ Украинаны басып алу – біздің жоспарымыз емес, оның территориясына ешкім тиіспейді", - деді Путин.

Ресей басшысы сөз барысында НАТО-ның "шектен шығып кеткенін", Шығыс қарай әскер ойыстырғанын әрі Украинаға қару-жарақ беруі Ресейге қауіп төндіретінін алға тартты.

"Украина Донбаста геноцид жасап жатыр. Бұл сұмдықты тоқтатуымыз керек. Ресейдің халқы қырылып жатыр", - деді Путин.

"Ресей посткеңестік елдердің тәуелсіздігі мен шекаралық тұтастығын мойындайды. Оған Қазақстанда болған қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ әскерін кіргізіп, жылдам уақытта кері шығарғанымыз дәлел. Бірақ Ресей батыс күштері қолдап отырған Украинаны қауіп санайды. Украинаның ұлтшылдары Қырымды да тартып алмақ ниетте", - деді ол.

Путин Украина Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне қарата былай деді әрі оларды "жолдастар"деп атады:

"Дереу қару-жарақтарыңызды тастап, үйге қайтыңыздар. Бұл талапты орындаған барлық әскери қызметшілерге қауіп жоқ, ұрыс аймағынан еркін үйіне қайтуына рұқсат", - деді ол.

Путин сөз барысында Кавказ мен Сирияда лаңкестікті қалай тоқтатқанына назар аудартты.

"Қазір де сондай жағдай орын алып отыр. Бізге басқа амал қалдырмады. Ресейдің аумағы мен халқымызды қорғау үшін жылдам шешім қабылдап, әскери іс-қимылға көшуіміз керек. Ресейдің жолын кескісі келгендер жауапсыз қалмайды", - деді көрші елдің басшысы.