Bugin
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдады. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.
"Кездесу барысында Президентке еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде және Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп қабылдаған шаралар туралы баяндалды", - делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысына халықаралық аренадағы соңғы оқиғаларға байланысты экономиканы дамытудың дағдарысқа қарсы жоспарының негізгі қырлары таныстырылды.
Президентке қаңтар оқиғасы салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеуге және қираған мемлекеттік нысандарды қайта қалпына келтіруге қатысты жұмыстар жайында мәлімет берілді.
Әлихан Смайылов кәсіпорындарға апаратын теміржолдарға ие табиғи монополиялар нысандарына белгіленген тарифті төмендету, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау жүйесін және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіру мәселелері туралы мәлімет берілді.