Bugin
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей мен Украина қақтығысында Қазақстан бейтарап ұстанымда қалатынын айтты. Әшімбаев Қазақстан бұл жанжалдың саяси жолмен шешілгеніне мүдделі екенін жеткізді. Бұл жайлы Эксклюзив жазады.
"Біздің ұстанымымызды бірнеше рет нақты айттым. Ресей де, Украина да бізге жақын әрі бауырлас елдер. Біз бұл жанжалдың бейбіт жолмен шешілуіне мүдделіміз. Қазақстан тарапынан да қажетті шаралар жүзеге асады", – деді Сенат спикері журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып.
Сенат спикері "екі ел арасындағы қақтығысқа ҰҚШҰ бітімгерлері жіберіле ме" деген сұраққа жауап берді.
"Жалпы, бұл жағдайда мынадай мәселе маңызды: Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) мүшесі. Осыған байланысты сұрақ туындайды: қақтығыс аймағына қазақстандық бітімгерлер жіберілуі мүмкін бе? Мұнда біздің позиция анық. БҰҰ жарғысына сәйкес және басқа да құжаттарға сәйкес, Қазақстан ҰҚШҰ елдерінен тысқары жерлерге бітімгерлерді тек БҰҰ мандатына сәйкес қана жібере алады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың жарғысына сәйкес ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік күштері, ҰҚШҰ елдері аумағында ғана қолданылады. Қақтығыс аймағы ұйымға қатысушы елдер аумағына кірмейді. Сондықтан осы шарттарға, ратификацияланған келісімдерге сәйкес ҰҚШҰ шеңберіндегі бітімгерлерді қақтығыс аймағына жіберуге құқығымыз жоқ", – деді Әшімбаев.