Әлем

Зеленский Киевте, Ресей әскері Чернобыльді бақылауға алды – 25 ақпанда болған маңызды жаңалықтар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

25 ақпанда Ресей-Украина арасындағы қақтығысқа байланысты орын алған оқиғалар тізбегін ұсынамыз.

Зеленский Киевте екенін айтты

Украина президенті Владимир Зеленский 25 ақпанға қараған түні өзінің отбасымен бірге елден шықпағанын айтып, Ресей Федерациясымен Украинаның бейтарап мәртебесі туралы сөйлесуге ниетті екенін де білдірді.

«Мен елордада қалдым, халқыммен біргемін. Орталық үкімет жұмысына қажетті барлық адамдармен бірге үкіметтік кварталда қаламын», - деді Украина басшысы үндеуінде.

Байден АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы толық үзілгенін хабарлады

АҚШ президенті Джо Байден АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы толық үзілгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар ол әлем елдерінің көпшілігі Ресей басшылығының әрекетін айыптайтынын айтып өтті. Америка басшысы Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарламағанын да атап өтті.

Украина билігі 18 бен 60 жас аралығындағы ер адамдарға шетелге шығуға тыйым салды

Украина билігі Ресеймен қақтығысқа байланысты елде әскери жағдай енгізді. Осыған байланысты Украина үкіметі 18 бен 60 жас аралығындағы ер адамдарға шетелге шығуға тыйым салды. Үкімет украиндықтардан бақылау-өткізу бекеттерінде дүрбелең тудырмауды және шекараны өз бетінше кесіп өтуге әрекет жасамауды сұрайды.

Ресей әскері Чернобыльді бақылауға алды

Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль ресейлік әскерилер Чернобыль аймағы мен Чернобыль атом электр станциясының (ЧАЭС) нысандарын бақылауға алғанын айтты.

Кейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки кейбір мәліметтерге қарағанда, ресейлік сарбаздар украиналық ядролық нысанның қызметкерлерін кепілде ұстап отырғанын атап өтті.