Bugin
Бүгін түстен кейін шешен жауынгерлері Украинаның ошақ тұтанған қызыл аймақтарына аттанатыны жайлы хабар тараған еді. Мұны Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың өзі де мәлімдеген. Алайда мәлімдемесін "шешеннің ерікті жауынгерлері арнайы операцияға қатысуға дайын" деген мәнде айтқан. Ендеше бұл шешен әскерлерінің Украинаға аттанғанын білдіре ме әлде жоқ па?
Осыған байланысты ресми ақпараттарды іздеп, кейбір дереккөздердің зерттеуіне жүгіндік.
РБК басылымы жазғандай, Грозный қаласының алаңында 12 мың адам жиналып, соғысқа аттануға әзір екенін көрсетіп, демонстрация жасаған еді. Сөз барысында тіпті Қадыровтың өзі де Киев түбіндегі ұрысқа аттанатынын айтқан.
Алайда "Новая газета" басылымы "Рамзан Қадыровтың еркін жасағының Украинаға аттанғанын дәлелдейтін әзірше еш дерек жоқ. Бірақ шешен сарбаздарының бір тобы Белоруссия шекарасында жүрген сыңайлы" дегенді жазады.
"Қадыровтың еркін жасағы бары белгілі. Ол Ахмет қажы қорынан қаржыландырылады. Алайда Қадыровтың Украина территориясына аттанғанын дәлелдейтін объективті фактілер жоқ. Рамзан Қадыровтың жекеменшік джет ұшағы бүгін әуеге көтерілді деп видео жарияланғанымен, ол кеше 24 ақпан күні көтерілген. Оны Инстаграмдағы парақшасынан байқауға болады. Намаз оқып жатқан "Юг" батальонының суреті де – монтаждалған сурет. Біздің дерекке сүйенсек, "Юг" батальоны мен шешен ОМОН-дары қазір Украинада емес, Беларусь шекарасында жүр. Белгород облысы (Белоруссия – ред.) маңынан шешен сарбаздарын көрген жандар бар. Соған қарағанда бұлар "Север" батальонының жауынгерлері болса керек. Осыдан бір апта бұрын шешен гвардиясының Белоруссия шекарасында жүргені жайлы ақпараттар тараған. Алайда шешен әскерінің Украинаға кіргені жайлы бірде-бір нысаналы факті жоқ", - деп жазады басылым редакциясы.
Басылымның жазуынша, Рамзан Қадыровтың Шешенстаннан ұшып шыққаны рас. Бірақ ол 24 ақпан күні Белоруссияға емес, Мәскеуге ұшып келген. Сонда Росгвардияның басшысы Виктор Золотовпен кездесіп, сол күні қайтадан Шешенстанға қайтып кетті.
"Соған қарағанда Шешенстан президенті өзінің ұлттық гвардиясын тәртіп сақшысы ретінде емес, әскери жауынгер ретінде дайындап Украинаға жіберуге әзірленіп жатса керек", - деп түйіндейді Новая газета.
Ал Кавказ.Реалии басылымы шешен гвардиясының Украинаға аттанған не аттанбағанын білу үшін құқық қорғау органдарымен байланысқан. Құқық қорғау өкілдері "Шешен Росгвардиясының Украинаға кетпегенін, әлі елде екенін" мәлімдеген.
"Рамзан Қадыровтың қоластындағы жауынгерлер бүгін түсте мешіт алдында жиналып, Украинаға аттануға дайын екенін жеткізді. Кейін тарап, бәрі үйіне қайтты. Шешен сарбаздарын Украинаға апару туралы нақты шешім шыққан жоқ. Тағы нақтылап айтайын. Ресейдің қауіпсіздігін сақтау үшін Шешенстанның арнайы жасағы жау тылына аттануға әрдайым әзір екенін жеткіздік", - деп түсініктеме берген басылымға құқық қорғау өкілі.
Ал бұған қатысты шешенстанның Еуропада тұрып жатқан саясаттанушысы Магомед Адамов былай деп пікір білдірген:
"Бұл Қадыровтың кезекті ойыны, цирк қоюы. Янгулбаевтың ісінен кейін Қадыровтың абыройы түсіп қалды. Кремльдің алдында адал екенін көрсету үшін барынша тырысып бағуда", - деп түсіндірді саясаттанушы Қадыровтың бұл әрекетін.