Bugin
«Дикий Арман» лақап атымен танылған қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің жұбайы Айкөл Әлікжанова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейне үндеу жолдады. Ол қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген айыппен қамауға алынған күйеуінің ісіне объективті көзқараспен қарауды өтінді. Бұл туралы Bugin.kz порталы Дикий Арманның жұбайының Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
- «Қаңтар оқиғалары басталған сәтте біз қызымыз екеуміз емханада болдық. Арман хабарласып, митинг болып жатқанын, бірақ әзірге тыныш екендігін айтты. Бірақ үйге баруымды сұрады. Үйге келген соң, халықтың көптеп жиналып жатқанын, митингтің ушығып баратынын айтты. Ол қонақ үйде болды, бізге «ешқайда шықпаңдар» деді. Егер әйелі мен қызы оқиғалардың қақ ортасында болса, ол мұндайды ұйымдастыра ма?» - дейді Айкөл Әлікжанова.
Оның айтуынша, Арман халық пен биліктің арасындағы кикілжіңді шешуге тырысып, елді сабырға шақыру үшін алаңға шыққан. Ол Арманның қиыншылыққа тап болған адамдарға азық-түлік таратқанын еске салды.
- «Кез келген қылмыстың мотиві болуы керек қой. Менің күйеуім бір мезгілде адамдарды тамақтандырып, бейбіт тұрғындарды ұстап, оларға қастандық жасауы мүмкін бе? Бұл логикаға сыймайтын нәрсе. Менің күйеуім үнемі өз халқы үшін уайымдайды. Пандемия кезінде ИВЛ аппараттары мен дәрі дәрмек таратқанын ұйытпайық. Сондай-ақ, ол тұрақты түрде 300-400 отбасыға ай сайын көмектесіп отырады. Исламда қайырымды істі жария ету көзделмеген. Бірақ әлеуметтік желіде оқырман саны көп болғандықтан, өзгеге үлгі болу мақсатында кей істерін көрсетіп отырады», - дейді Арманның жұбайы.