Bugin
Қордай ауданында орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Бұл жолы үш азамат сотталды.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, бірініші азаматқа жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, ұрлық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілген.
Екіншісіне жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны және бөтеннің мүлкін тонағаны, қарақшылық жасағаны, ҚР Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Үшіншісі жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, адам өлтіргені, екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталғаны үшін 20 жылға сотталған.
Айта кетейік, 2020 жылдың 7-8 ақпаны аралығында Жамбыл облысы, Қордай ауданы Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарының аумағында атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану, сондай-ақ билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсету арқылы зорлық-зомбылық, қирату, өртеу, дүние мүлікті жоюмен ұласқан жаппай тәртіпсіздік орын алды.
Жаппай тәртіпсіздіктердің басталуына жоғарыда аталған ауылдардың әр түрлі ұлт тұрғындарының арасында туындаған тұрмыстық жайлар негіз болған.
Жаппай тәртіпсіздіктің нәтижесінде, 2020 жылғы 7-8 ақпан аралығындағы түнде Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде, 10 адам қаза тапты, 140 азаматтық тұлға мен 20 құқық қорғау органының қызметкерлері дене жарақаттарын алды, 99 жылжымайтын нысан қиратылды, 65 үй өртелді, 48 қозғалатын нысан қиратылды және 65 автокөлік өртелді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 27.04.2021 жылғы Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан және басқа да қылмыстар жасаған 50-ден астам адам сотталған болатын.