Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comҚаңтар оқиғалары кезінде 29 бейбіт тұрғын оқыстан оққа ұшқан. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоры Қазақстанның адам құқықтары бойынша арнайы өкілі Эльвира Азимова мен Балалар құқықтары бойынша арнайы өкілі Аружан Саинге сілтеме жасап хабарлады.
«Қазақстан халқына» қоры қаңтар оқиғалары кезінде қаза болған және ауыр жарақат алған күш құрылым қызметкерлерінің отбасына, сонымен бірге оқыстан жарақат алған және құрбан болғандардың жақындарына материалдық көмек берілетінін мәлімдеді.
«Қаңтар оқиғалары кезінде кенеттен қайтыс болғандардың отбасына материалдық көмек беру жөнінде шешім қабылдадық. Біз тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істеп, оқыстан қаза болғаны дәлелденгеннен кейін көмек береміз. Тергеу істерін соңына дейін күтпестен, қазір жәрдем беруді шештік», - деді қор төрағасы Болат Жәмішев.
«Қазақстан халқына» қорының мәлімдемесіне сәйкес, қаңтар оқиғаларында қаза болған әрбір әскердің және қарапайым тұрғындардың отбасына 7 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Бұдан бөлек ауыр жарақат алған күш қызметкерлерінің отбасына үш миллион теңгеден ақша беріледі.
Көмек көрсету бойынша эксперттік комитеттің мүшесі Қайырбек Сүлейменов қаңтар оқиғалары кезінде оқыстан қаза болғандардың саны 100-ге жақындап қалады деген.
«Қазақстан халқына» қорының мәлімдемесіне сәйкес, қаңтарда құқық қорғау органдарының 21 қызметкері қаза болып, 94-і ауыр жарақат алған.
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғалары кезінде 227 адам қайтыс болған. Ел билігі қаза болғандардың тізімін жариялаудан бас тартып отыр.
Қазақстанда қаңтар оқиғалары кезінде және одан кейін мыңдаған адам қамауға алынып, жүздеген адамға «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру», «терроризм», «қару-жарақты заңсыз сақтау» және «тонау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Айта кетейік, бұдан бұрын Бас прокуратура қаңтар оқиғаларынан кейін азаптау туралы 280-нен астам арыз түскенін хабарлаған еді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61