Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comУкраинада болып жатқан әскери операцияларға біз, қазақстандықтар, не Ресейдің, не Украинаның көзімен қарайтанымыз анық. Ақпарат көздерін сол жақтан тұтынып жатырмыз. Ал бұл жағдайға қатысты Батыс БАҚ-тары не дейді екен, соған бір сәт көз жүгіртсек. Ол үшін журналист, бұқаралық ақпарат құралдарын шолушы Жолдас Өрісбайдан сұхбат алған едік.
Bugin.kz тілшісі сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
- Ресейдің Украинадағы әскери операция бастауын Батыс БАҚ-тары қалай түсіндіріп жатыр? Себебі не дейді?
- АҚШ басылымдарында Ресейдің мұндай шарт қимылға баруының екі негізгі себебін алға тартады. Біріншісі – Ресейдің НАТО альянсының кеңеюіне қарсылық танытуы. Мұның астарында империалистік амбицияның жатқанын негізге алады. Әскери операция бастау алдында РФ президенті В.Путиннің бір сағат бойы дәріс оқыды. Сонда ол Ресей империясының ұлылығын айтып, өзінің де «жаңа царь» болғысы келетінін жасырмады. Украина НАТО-ға мүше боп кірсе, оның шекарасына ядролық және гипердыбысты зымырандардың орналасатынын, ал оның Ресейге тікелей қауіп төндіретінін айтты. Тіпті, бұрын айтып жүрген фактілерді тағы келтірді. Баллистикалық зымырандардың Мәскеуге ұшу уақыты екі есе қысқарып, небары 7 минутта Ресей төріне соққы жасайтынын айтты. Бұған мойынұсынбайтынын, НАТО-ның шығысқа қарай өріс жайғанын қаламайтынын нақты жеткізді. Путин осыған дейін де НАТО Ресейге Еуропаның шығыс елдеріне жылжымауға уәде бергенін айтатын. The New York Times редакциясы қырғи-қабақ соғысты зерттеген Гарвард профессоры Марк Кремердің зерттеуіне сілтей отырып, Батыс өркениеті Ресейге ешқандай уәде бермегенін жазды. Путиннің мақсаты Украинаға соғыс ашып, про-Кремльдік басшы тағайындау. Осылай көрші елді ЕО немесе НАТО құрамына кіруін болдырмау. Себебі Путин Украинаны Батыс өркениетінен қорғанатын «буфер ел» ретінде көреді. Бұл – бір.
Екінші себеп – орыстілді халықтың «құқығы тапталып жатыр» деген желеу. Путиннің өзі де ДХР мен ЛХР (тәуелсіздігін Ресей мойындаған елдер) аумағында орыстілді халыққа геноцид жасалып, орыс тілі қысымға ұшырап жатқанын айтты. АҚШ басылымдарында бұл жерде де салыстыру бар. Мәселен, The New York Times-те шыққан "We Are All Living in Vladimir Putin’s World Now" ("Барлығымыз Путин әлемінде өмір сүріп жатырмыз" – ред.) атты пікір колонкасында АҚШ НАТО әскерімен 1993 жылы ұлтшылдық мәселесі мен гуманитарлық кризис боп жатыр деген желеумен Югославияға кіргені және Белград қаласын бомбылағаны айтылған. Сол жылдары Югославиядағы ұлттар бір-бірімен жанжалдасып, әлсізі қорлық пен қысымға ұшырағаны есімізде. «Соны сылтауратып әскер кіргізген АҚШ сияқты қазіргі Ресей де Украинада орыс ұлттының мүддесін қорғау үшін қарулы жасақ енгізді» дегенді алға тартады мақала авторы.
- Батыс БАҚ-тарында біржақтылық жоқ па? Украинаға болысу дегендей...
- Жоқ, Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары дәлелмен, фактімен және объективті шындықпен жұмыс істейді. Сондықтан бір жаққа қарай ойысу жоқ. Батыс журналистерінің кәсібилігі жоғары, әдеттегідей таза аналитикамен жұмыс істейді. Батыс БАҚ-тарында Ресейдің емес, дәл осы Украина жайлы дерек көп екені рас. Оны түсіндіру оңай.
Біріншіден, соғыс дәл Украинаның төрінде болып жатыр. Журналистер майдан шебінен хабар таратып жатыр. Жапа шеккен тұрғындармен сөйлесу, көзімен көргенді баяндау, фоторепортаж, тікелей эфир... Оқиғаның бәрі Украина жерінде болып жатқандықтан, ол жайлы дерек пен мағлұматтың көп болары түсінікті.
Екіншіден, меніңше, Украинаның ресми органдары ақпарат тарату жағынан айтарлықтай алда. Жапа шеккен, қаза болған тұрғындар, азат етілген аймақтар, тағы да басқа ресми көздің деректерін лезде беріп жатыр. Бұл жағынан Ресей қалыс қалды. Қанша жауынгерден айырылғанын, қанша соғыс техникасын енгізгенін, оның қаншасын жоғалтқанын – ешбірін айтып отырған жоқ. Бір күн бұрын ғана соғыста Ресей тарапынан әскер шығын болғанын мойындады, бірақ қанша әскери техника немесе адам мерт болғаны айтылмады. Ал Украина тарабы күн сайын статистика беріп отыр. Ақпараттық қоғамда бұл жеңіліс саналады. Ресей нақты ақпаратқа емес, пропагандаға сүйеніп жатыр. Мәселен, BBC, Al Jazeera, USA Today және DW басылымдары Ресейдің пропагандасына факт-чек жасап, өтірігін ашып жатыр.
- Жағдайдың бұлай шиеленісуіне, Украинаның от ішінде қалуына не себеп? Батыс БАҚ-тары бұл жайлы не дейді?
- Ең алдымен, АҚШ-тың барлау қызметі Ресейдің жақын арада Украинаға соғыс ашатынын күні-бұрын ескерткенін айтуымыз керек. Батыс БАҚ-тары барлау қызметіне сілтеме жасап, осыдан екі ай бұрын ақпарат таратты. Бірақ ешкім сенбеді. Еуропа және басқа да әлем елдері бұған сын көзбен қарады. Нақтырақ айтсақ, ешкім күтпеді.
Басылымдардың бірқатары егер Батыс елдері осы ақпаратқа мән беріп, НАТО-ның шығысқа жылжуын тоқтатқанда немесе Путинмен шынайы келісімге келгенде, оның айтқанына құлақ түргенде мұндай соғыс болмас еді дегендей пікір танытып жатыр. Мысалы, америкалық FoxNews телеарнасы Байденнің Путинге НАТО блогының шығысқа жылжымайтынын уәде еткенде, соғыстың алдын алу мүмкін еді деген көзқарасты таратты. Бұл жер FoxNews телеарнасының консервативті көзқарастағы медиа екенін және Байденді, яғни демократтарды үнемі сынағыш екенін ескеру қажет.
Кейбір басылымдардың Путиннің ментальды ойлауын, психологиялық жай-күйін талдап, соған сілтегендері бар. Мәселен, The Guardian басылымының Opinion секторында Питер Померанцев есімді КСРО-да туған британдық журналист Путиннің осы әрекетінің себебін анықтауға тырысып, «Vladimir Putin: What’s going on inside his head?» деген колонка жазды. Автор «неміс нацистері WWI соғысынан кейін Германияның қалай кемсітілгенін алға тартып, өз әрекеттерін ақтап алуға тырысса, Путин де КСРО ыдырағаннан кейін орыс өркениетінің кемсітілгенін алға тартады. Психологиялық тұрғыдан кемсітілген адам өз жауын да кемсітілгенін қалайды. Сондықтан Путин бастаған соғыс Украинамен шектелмейді. Оның басты мақсаты ЕО, АҚШ және Ұлыбританияны күшсіз ету» деп жазады. Бір сөзбен айтқанда Путиннің бұл әрекетін пост-империалистік синдром деп бағалауға болады.
- "Соғыс өтінде қалған Украинаға неге НАТО көмектеспейді" деген сыңайда пікірлер жоқ па?
- Жоқ, Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарында ондай пікірді көрмедім. Керісінше, НАТО-ның өзінің нақты юрисдикциясы бар, содан айнымау керегін алға тартады. Яғни, НАТО құрамындағы елдің территориясына жау тисе, сонда ғана альянс қорғану мақсатында әрекет етеді. Бірақ Украина НАТО-ның құрамында болмаса да, альянс елдері барынша әскери техника және гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.
Шеттен әскер келмесе де, Украина жауға қарсы ойдағыдай тойтарыс беріп жатыр. Әсіресе, халқының патриоттығы мен өршіл рухы жауға қарсы қауқарлы күш боп тұр. Бұл екінші-үшінші күнде айқын көріне бастады. Батысы медиа ресурстары да соны ашық жазды.
- Ресейге салынған санкцияның ауырлығы қандай? Бұл жайлы не айтуға болады?
- Батыс өркениеті үшін Ресей агрессиясын тоқтатудың басты жолы қатаң экономикалық санкция деп, сол үшін жылдам әрі біріккен күйде қимылдады. Оған тек ЕО, Ұлыбритания және АҚШ күш салып ғана қоймай, Азияның дамыған елдері, Аустралия тіпті Еуропаның шығысындағы Сербия және Венгрия сынды про-Ресейлік елдер де санкциялауды мақұлдады. Санкцияның бір ұшы өздеріне тиюі мүмкін болса да, ешбір ел бейтарап болмауға тырысты. Мысалы, Германия өзіне импорттайтын мұнай және көмірдің 30 пайызы және газдың 50 пайызы Ресейден келетін болса да, санкцияны күшейтуді таңдады. Тіпті, Путиннің ең сенімді жақтасы болуға тиіс Қытай басшысы да Ресей мен Украинаны келіссөзге шақырды.
Басында бұл санкциялар әдеттегідей онша әсер ете қоймас деп ойладым. Бірақ Ресей банктерінің SWIFT жүйесінен шығарылуы, орыстың Аэрофлотының Еуропа елдеріне ұшу құқығынан айырылуы, Ресейдегі жоғары лауазымды шенеуніктері мен. отбасы мүшелерінің Еуропадағы барлық активтерінің бұғатталуы, British Petrolium сынды алып компаниялардың Ресей нарығынан біржола шығып кетуі бірнеше күнде өз әсерін берді. Орыс рублі екі есе құлдырап, қор нарығындағы орыс компаниялары құнсызыданды. Халықаралық деңгейдегі орыс өнер өкілдерінің Батыс елдеріндегі кештері тоқтатылды, Ресей футбол клубтары мен ұлттық құрамасы Еуропа және әлем біріншілігінен шеттетілді. Соғыстың 4-ші күні Ресей Украина басшылығын келіссөзге шақырды. Енді Ресей артқа шегінгеннің өзінде, бұл санкциялар жақын уақытта алынып тасталмайды. Демек Ресейдің экономикасын бұдан да көп шығынта түсетіні анық. Өкінішке орай, зардаптың көп бөлігі қарапайым халыққа тиеді.
Ресейге санкция салған елдердің жалпы ішкі өнімі бүкіл дүниежүзінің 50 пайызынан көбін құрайды екен. Ал Ресейдің ЖІӨ-і әлемнің тек 3 пайызын ғана алып отыр. Бір қарасақ, Ресейдің ұпайы ұтылып тұрған сияқты. Бірақ Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон айтқандай, Ресейдің шикізат нарығында ең үлкен ойыншылардың бірі. Газ бен мұнай, көмір, түрлі минералды ресурстар Ресейден шығып жатыр. Бұларды шектеу санкция салып жатқан елдердің экономикасын бәсеңдететіні анық. Германияда газ бағасы қымбаттады. Барлық дамыған елдерде жанармай бағасы аз болса да өсті. Бірақ Батыс елдері осы жағдайды 1939 жылғы нацистік Германия басқыншылығымен салыстырып, қандай шешім қабылдайтынына назар салды. Яғни мұнда экономикалық принциптерден соғыс агрессиясын тоқтату әлдеқайда маңызды.
Тағы бір ауыр санкцияның түрі – доллар валютасын қолдануға тыйым салу. Бұған дейін санкцияның осындай да түрі барын білмедік. Егер бұл санкция шындап жүзеге асырылса, онда Ресейдің бүкіл экспорт-импорты тоқтайын деп тұр. Өйткені халықаралық келісімдердің бәрінде тауар айналым АҚШ долларымен жүргізіледі. Ресей мұндай мүмкіндіктен айырылса, алда не боларын ешкім де болжай алмас.
- Ресей бастаған әскери әрекеттің аяғы немен аяқталатыны жайлы болжамдар бар ма?
- Әзірше, не боларын айту бәріне қиын болып тұр. Бұл қазіргі глобалды өзара байланысқан әлемде бұрын соңды болмаған жағдай. Сондықтан Ресей миссиясының салдарын нақты болжап айту мүмкін емес. Бірақ Ресей Украинаны жауласа, соғыс әрекетін мұнымен тоқтатпайтынын өзі анық жеткізді. Сондықтан Украинаның жеңілмеуі үшін Батыс елдері бар күшін салып жатыр. Гуманитарлық, әскери көмекті аямай жатыр.
- Сұхбатыңызға рақмет! Бейбіт күнде жолыққанша.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61