Bugin
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Қазақстанның зейнетақы жүйесі одан әрі дамытудың жолдарын айтты.
Өз сөзінде Серік Шәпкенов азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру – бұл Еңбекмині жұмысының болашақ зейнеткерлердің жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін бүгінде батыл шараларды талап ететінін бағыты екенін атап өтті.
Министр бүгінгі таңда елімізде 2,2 млн зейнеткер бар екенін, бюджеттен орташа зейнетақы мөлшері 99 937 теңгені құрайтынын (оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 68 839 теңге, базалық зейнетақы – 31 098 теңге) еске салды.
2021 жылы Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарға өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін алу құқығы берілді. 2022 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша барлығы 2,79 трлн теңгеге жуық сомаға 1 миллионнан астам өтініш мақұлданды.
Сонымен бірге жоғалған табысты зейнетақымен алмастыру коэффициенті ынтымақты зейнетақыдан жинақтаушы зейнетақыға көшуді ескере отырып, жыл сайын төмендейді.
«БЖЗҚ актуарлық есебіне сәйкес, 2028 жылы зейнетақы орташа айлық жалақының шамамен 47,4%-ын ғана, 2040 жылы 39,2%, ал 2060 жылы бар болғаны 29,5% алмастыратын болады. Сондықтан зейнетақы жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың қолданыстағы Тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Серік Шәпкенов.
Біріншіден, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру шеңберінде, 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделген. Бүгінде оны тағайындаудың нақты тетігі қарастырылуда.
Екіншіден, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу көзделген. ЖМЗЖ енгізу қолданыстағы Тұжырымдамада көрініс тапқан. Нәтижесінде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін Халықаралық еңбек ұйымы ұсынатын стандарттан төмен емес деңгейде сақтау қамтамасыз етіледі (жоғалған табыстың кемінде 40%-ын зейнетақымен алмастыру).