Bugin
Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста бейтараптықты ұстанады және ешбір тарапты қолдамайды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
- «Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың Қазақстанға еш қатысы жоқ. Біз екі тарапты да қолдамаймыз. Бұл тұрғыда сұрақ туындауы мүмкін емес», - деп атап өтті Камалетдинов.
«Украинадағы жағдай біздің елде қайталанса, қазақстандық әскерлер дайын ба?» деген сауалға ол «бұл мәселе барлығын алаңдатып отырғанын» атап өтті.
- «Біз қарулы күштер, министр кешегі кеңесте сендіргендей, алға қойылған міндеттерді орындауға дайын деп сенеміз», - деді министрдің орынбасары.
Кейін Қорғаныс министрлігі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери контингентін жіберу туралы шешімді Президенттің ұсынысы негізінде парламент қабылдайтынын мәлімдеді.
- «Парламенттің тиісті қаулысы қабылданбайынша, Қорғаныс министрлігінің белгілі бір мемлекетке әскери контингент жіберуге құзыры жоқ. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ», - деп атап өтті министрлік.