Bugin
Германияның Гамбург қаласы маңынан осыдан екі бұрын РФ президенті В.Путиннің, бүгін Ресей миллиардері Әлішер Усмановтың яхталарын тапты. Ал Франция болса, Ресейдің тағы бір миллиардері, "Роснефть" мемлекеттік компаниясының басшысы Игорь Сечиннің яхтасын тәркілеген.
Усмановтың яхтасы
Әлішер Усмановтың ұзындығы 156 метрлік алып яхтасы Гамбург қаласында жөндеуде тұрған жерінен табылды. Мұны Forbes журналы жазды. Яхтаны немістің кеме жасаумен айналысатын танымал Blohm+Voss фирмасының кемежайында тұрған. Германия билігі ресейлік олигархтар мен шенеуніктердің, дума депутаттарының активтерін бұғаттап тастаған соң, фирма да яхтаның жөндеу жұмыстарын жалғастырудан бас тартқан.
Усманов бұл яхтаны 2016 жылы жасатқан. Құны – 600 млн доллар. Яхтаның аты – Dilbar. Яхтаны жасаған тағы бір неміс фирмасының айтуынша, ресейлік олигарх мұны "жеке тапсырыспен, соншама сән-салтанатпен жасатқан". Кемені тұрғызуға 52 ай уақыт кеткен.
"Мұндай алып яхтаны, күрделі технологиямен жасалған мұндай кемені бірінші рет көріп отырмыз. Қанжығаны майлаған тапсырыс болды", - деп пікір білдірген фирма басшылығы.
Сечиннің яхтасы
Путиннің тағы бір жақын досы – Игорь Сечин. Қазір мемлекеттік "Роснефть" (біздің "ҚазМұнайгаз" сынды компаниясы) компаниясының басшысы. Оның яхтасын француздар кеше тапқан. Оны хабарлаған – Францияның қаржы министрі Брюно Ле Мэр.
"Amore Vero яхтасы Жерорта теңізінен, Ла-Сьота порты маңайынан табылды. Кеме 1 сәуірге дейін осы жерде болады деп жоспарланған. Алайда 3 наурыз күні шұғыл түрде жолға шығады. Сол кезде ұсталды", - деп жазды министр Твиттерде.
Сечиннің яхтасы 190 млн доллар тұрады. 2016 жылы жасатқан.
Путиннің яхтасы
Путиннің яхтасын қазір Батыс елдері барынша іздеп жатыр. Нақты қай жерде екені әзірше белгісіз. Бірақ бір қызық детальдар шығып жатыр.
Путиннің яхтасы соңғы рет қай жерде болғаны белгілі болды. Ең қызығы сол – Путин Украинаға соғыс бастамай тұрып екі апта алдын яхтасын Еуропадан айдап әкетіп, Ресейге тиесілі Калининград облысына апарып тізгіндеп қойған.
Путиннің яхтасы да Усмановтікі тұрған Гамбург қаласына келіп жөндеуге қойылған. 2021 жылы күзде. Модернизация жұмыстары жасалуы тиіс еді. Алайда жөндеу жұмыстары аяқталмай жатып ақпан айының басында, нақтырақ айтсақ, 7 ақпан күні шұғыл түрде яхтаны жол шығарып айдап әкеткен. Ал жөндеу жұмыстары сәуірде аяқталуы тиіс еді.
"Соған қарағанда Путин батыстың санкциясынан, аресттен қорыққан сияқты. Өзінің соғыс ашатынын, кейін Батыстың санкциялар салатынын жақсы түсінген. АҚШ басылымдары соғыс болады деп шулап жатқан сәтте, кемесін қауіпсіз айлаққа апарып алды", - деп жазады ВВС тілшісі Андрей Захаров.
Ресей басшысының кемесі 82 метрлі. 2014 жылы Германияда арнайы тапсырыспен жасатқан. Бағасы шамамен 100 млн доллар. Яхтаның аты – Graceful. Қазақшаласақ, "әсем, кербез, сән-салтанат" дегенді білдіреді.