Әлем
Ресей президенті Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Украинадағы соғыста қаза тапқандардың отбасыларына төлем жасауға уәде берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Настоящее время басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Украинада қайтыс болған әскери қызметкердің әрбір отбасы заң бойынша қарастырылған сақтандыру төлемі мен біржолғы жәрдемақыны алады. Оның құны – 7,4 млн рубль (шамамен 33 млн теңге). Марқұмның әр отбасына қосымша төлемдер 5 миллион рубльді құрайды (шамамен 22 млн теңге) деді ол.
Қаза тапқандардың отбасылары үшін ай сайынғы ақшалай өтемақы қарастырылған. Ресей президенті бұл өтемақының сомасын атаған жоқ.
Путин Украинада жараланғандарға сақтандыру мен біржолғы жәрдемақы беруге уәде берді. Сонымен қатар, қызметке жарамсыз болған жағдайда біржолғы жәрдемақы сомасы, оның айтуынша, 2,9 миллион рубльді (13 миллион теңге) құрайды, қосымша жәрдемақы – 3 миллион рубль (13 миллион теңге). Мүгедектік жағдайында ай сайынғы өтемақы қарастырылған.
Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путиннің бұйрығымен 24 ақпанда басталған Украинаға әскери шабуыл жалғасуда. Бір күн бұрын Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі алғаш рет Украинадағы соғыста қаза тапқан Ресей әскери күштерінің санын жариялады. Соның ішінде 498 адам қайтыс болды және 1 597 адам жараланды. Украина билігі Украинадағы әскери тұтқындар мен өлтірілген ресейліктердің саны бес мың адамнан асады деп мәлімдейді.