Bugin
Украинадағы жағдайға байланысты Ұлыбританияның кей депутаттары Ресеймен қоса Қазақстанға да санкция салу керек деп мәлімдеген еді.
Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания елшісін шақырып, аталмыш мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Әрі бұған қатысты Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі түсініктеме беріп, позициясын танытады деп те қосты.
"Қазақстанға санкция салу – Ұлыбританияның бір ғана депутатының айтқан ұсынысы. Бүгін Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі (Кэти Лич) шақырылып, бұған қатысты түсініктеме беруін, себебі неде екенін айтуды өтіндік. Біз түсініктеме күтеміз", - деді 2 наурыз күні Сыртқы істер вице-министрі Шахрат Нурышев парламент кулуарында.
Ал бүгін ағылшын елшісі Кэти Лич Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесті. Сөз барысында ол Ұлыбритания тарабы Қазақстанмен сенімді қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін жеткізген. Бұл жайлы Sputnik Қазақстан жазды.
"Біз (Ұлыбритания – ред.) Қазақстанның Украинаның территориялық тұтастығын мойындаймыз деген нақты позициясының, БҰҰ Жарлығының қағидалары мен көптарапты дипломатиясын, бейбітшілікті осы 30 жыл бойы бағалағаны сынды қазір де қолдағанын қалаймыз", - деп түсіндірді Кэти Лич.
Қазақстанның Украина мәселесіне қатысты ұстанымы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурыз күні украина мәселесіне қатысты біршама анық мәлімдеме жасады.
"Ресей мен Украина бір үстелдің басына отырып, келіссөз жүргізуі, келісімге келуі керек", - деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде.
Кейін 2 наурыз күні РФ президенті Путинмен, сосын Украина президенті Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі ахуалға қатысты келіссөздер барысында ортақ келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өткен.
Еуропа Қазақстанға санкция салуы мүмкін бе? – сарапшы жауабы