Bugin

Қазіргі жағдай көлік сату мен алуға қаншалық ыңғайлы? – сарапшы пікірі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресейден әлемдік автоконцерндер бірінен кейін бірі кетіп жатыр. Volvo, BMW, VW сынды компаниялардың бәрі көрші елден кетті. Санкцияның әсері көлік нарығына соққы боп тиді. Ал бұл жағдай Қазақстанның көлік нарығына қалай әсер етпек? Көлік сатып алғысы келгендер мен сатуға оқталып отырғандардың жағдайы не болмақ? Кім ұтылады?

Ендеше бұл сауалдарға "Общая Дорога" жол қозғалысы қауымдастығының президенті Арсен Шакуев жауап берген. Мұны Zakon.kz жазады.

"Ресейден кеткен автокомпаниялар көлігін сатудың жаңа бір жолдары мен нарығын іздейтіні анық. Көлікті қалай дегенмен сату керек. Сондықтан олар біртіндеп Қазақстанға келуі мүмкін. Елімізде импорттық брендтің көліктері көбейеді деп ойлаймын. Бірақ инфляцияның кесірінен баға түсе қоймайды. Керісінше қымбаттайды", - дейді Арсен Шакуев.

Сарапшының айтуынша, көліктің қымбаттауына негізінен теңгенің құлдырауы себеп болмақ. Ал оны тасымалдау мен логистиканың қиындауы аса әсер ете қоймайды.

"Жүрілген, екінші нарықтағы көліктерге келсек, баға біршама өседі деп ойлаймын. Бірақ көп емес. Ары кетсе, 15-20 пайыздай өседі. Одан әрі қымбаттаудың реті де, негізі де жоқ. Өйткені сатып алушылар болмайды. Көліктің қымбаттатындар – негізінен алыпсатарлар. Мәселен, Toyota Camry 40 көлігін 8 млн теңгеге сатып жатқан "жалпақшешейлер" бар. Ескі көліктің қымбаттауына доллар курсы әсер ете қоймайды", - дейді қауымдастық басшысы.

Шакуевтің айтуынша, еуропа мен жапон көліктері біршама қымбаттап, санкциядан аман қалған кәріс көліктерінің бағасы қолжетімді болады.

"BMW не Toyota көліктері қымбаттайды. Оның орнына арзандау көлікті іздейтіндер көбейеді. Қазірдің өзінде Toyota Camry 70-дің орнына KIA K5-ті алатындар көбейген. Бірақ Camry айдағандар аяқ астынан Lada айдап кетеді деп ойламаймын. Сондықтан Hyundai мен KIA-ға таңдау ойысады. Оның үстіне, Ресейдегі Hyundai-дің штаб-пәтері Қазақстанға көшіп келді. Демек, осы нарыққа бой үйретуге келді деген сөз", - дейді сарапшы.

Эксперттің айтуынша, қазір көлік сатқысы кеп жүргендерге де, сатып алғысы келетіндерге де өте ыңғайлы уақыт.

"Өйткені көліктің ертеңгі бағасы қалай боларын ешкім де болжап біле алмас. Сатқан адам көп ұтылмайды. Өйткені екінші нарықтағы көліктердің бағасы аса қымбаттай қоймайды. Оның үстіне, жақында жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылайын деп отыр. Сондықтан жаңа көлікке ұмтылатын адам көбеймек. Егер көлік сатқыңыз келсе, сатып алатын көлікті алдын ала таңдап алғаныңыз жөн", - деп кеңес береді Арсен Шакуев.