Bugin
ЕуроОдақ елдері Ресейге қарсы тағы да жаңа санкция енгізуге дайын. Бұл жолы Ресейдің порттары мен кемелеріне қызмет көрсетуді тоқтату, әскери технологияларды беруге тыйым салу және газ-мұнайын сатып алуды шектеу сынды санкцияларды енгізбек.
Бұл жайлы Bloomberg басылымы жазды.
"Еуропа үкіметтері Ресейге қарсы санкциялардың жаңа жиынтығын дайындап шықты. Оның ішінде порт пен кеме қызметіне қатысты санкцияның кеңейту, Ресейге әскери технологияларды сатпау сынды шектеулер бар", - деп хабарлады агенттік.
Сондай-ақ, криптовалютаны қолдануға да біршама шектеулер енгізілуі мүмкін.
"Санкция тізімі әлі талқыланып жатыр. Толық салынғанда ғана айтылады. Қазір айтқаннан пайда аз. Ал салығаннан кейін айтылса, тиімділігі жоғары болмақ", - деп түсініктеме берген Францияның Қаржы министрі Брюно Ле Мэр.
Ал ең бастысы – Еуропа елдері Ресейден газ бен мұнайды сатып алуды доғаруды, азайтуды ойластырып жатқаны белгілі болды.
"ЕуроОдақ елдері ресейдің газы мен мұнайынан бас тартудың жолдарын іздестіріп жатыр. Баламалы энергия көздерін қолдану, газ бен мұнайды басқа елден сатып алу, тасымалдаушыларды ауыстыру сынды шараларды қарастырып жатырмыз", - деп түсіндірді Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен.
Оның айтуынша, Еуропа қазір Ресейдің газы мен мұнайына біршама тәуелді. Еуропадағы газдың 40 пайызы, мұнай шикізатының 25 пайызын Ресейден алатын көрінеді.
"Енді мұнай мен газды АҚШ пен Катардан алудың шұғыл шараларын іздестіріп жатырмыз", - дейді Урсула фон дер Ляйен.
Айта кетейік, әзірше Еуропалық Одақ ресейдің газы мен мұнайына толық санкция сала қойған жоқ. Бірақ қазірдің өзінде Еуропада газ мен мұнай бағасы екі еседей қымбаттап кетті.
Егер Еуропалық одақ газ бен мұнайды басқа жақтан тасымалдаудың жолын тапса әрі Ресей шикізатына тыйым салса, онда көрші елдің экономикасына ауыр соққы болып тимек.