Bugin
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Украинаға 1,4 миллиард доллар көлемінде көмек бөлу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы ХВҚ-ның атқарушы директоры Кристалина Георгиева айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
- «Бүгін біз Атқарушы кеңесімізде Украинаға көмек ретінде 1,4 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлу туралы ұсынысын мақұлдау жағдайын қарастырамыз», - деді Георгиева.
Ол желтоқсан айында ХВҚ Украинаға 700 миллион доллар бөлгенін, сондай-ақ оған 2,7 миллиард доллар көлемінде арнайы қарыз алу құқығын бергенін айтты. Георгиева қазіргі жағдайды «жаһандық экономикаға соққы» деп атады.
Оның айтуынша, Украина төңірегіндегі жағдай мен Ресейге қарсы салынған санкциялардың «жанама әсерлері» және «ұзартылған салдары» болады. Бұл бірінші кезекте Украина және Ресеймен көршілес елдерге, сондай-ақ шикізат бағасына қатысты.
- «Бұл шикізат бағасы. Әсіресе, энергия бағасы, сонымен қатар азық-түлік бағасы. Және біз ең көп зардап шеккендердің қажеттіліктері қандай болуы мүмкін екенін мұқият қарастырып жатырмыз», - деді басшы.
Георгиева сонымен қатар: "Бізде Ресей экономикасының қаншалықты қысқаруы мүмкін екендігі туралы нақты есеп жоқ», - деді.