Bugin

Қазақстанда көлік бағасы қымбаттады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елде теңге валютасының құлдырауына байланысты жаңа көліктердің бағасы да қымбаттады. Кей көлік 100 мың теңгенің айналысында өссе, кейбірі тіпті 4-5 млн теңгеге дейін қымбаттап кетті. Бұл жайлы Колеса.кз жазды.

Мәселен, Toyota Camry-дің 2 литрлік мотор мен вариатор орнатылған қарапайым нұсқасы бұрында 13 млн теңгенің айналысында болса, қазір 14 млн 900 мың теңгеге өсті. Ал 3.5 литрлік V6-мен жүретін «Люкс» нұсқалары болса 22 млн теңгеден 25 млн 500 мың теңгеге дейін бір-ақ қымбаттады.

RAV4 үшін ақпанда сатушылар 15.2-ден 21.2 млн теңгеге дейін сұрайтын, қазір оның құны 16.9 бен 23.5 млн аралығында. Land Cruiser 300 39.7 млн теңгеден 42.5 млн теңгеге қымбаттады. «Премиум» жиынтығындағы флагманды алам десеңіз, 55.7-59.6 млн жұмсауға дайын болғаныңыз жөн.

Ал Hyundai керісінше, ескі бағаны сақтап қалды. Алматыдағы зауытта құрастырылатын Accent қана 400 мың теңгеге қымбаттаған. Бұрын 6.7-7.8 млн шамасында сатылған модельді енді 7.1-8.2 млн теңгеге алуға болады.

Chevrolet маркасының дистрибьюторы ақпанда баға тізімін жасырып қойған еді, қазір сайтқа қайта шығарыпты. Одан «Спарктың» 5.0 млн теңгеден 5.7 млн теңгеге қымбаттағаны байқалады. Біздің елде сұраныс жоғары Cobalt пен Nexia бағасына да жиынтық түріне байланысты 700-800 мың теңге қосылған.

Malibu, Equinox, Trailblazer және Tahoe сынды модельдері қымбаттай қойған жоқ.

Kia да модельдерінің құнын 100 мыңнан 600 мыңға дейін арттырған. Нәтижесінде биыл шыққан Rio 7.8-9.6 млн теңгеге бағаланып отыр. Қыста бұл көлік 7.4-9 млн теңгеге сатылды.

Sorento-ның ең арзан нұсқасы 16.6 млн теңге тұрады. Қыста оны 15.9 млн теңгеге алуға болатын еді.

Lada Vesta ақпанда 5.8 млн теңгеден сатылған, енді оны алатындар 6.0 млн жұмсайды. Renault бағасында әзірше өзгеріс байқалмайды.

Қытайдан келетін Haval мен Chery, сонымен қатар жапониялық Subaru көліктерінің құны бұрынғы деңгейде тұр. Ал JAC сайттағы баға жазылған тізімді жасырып қойыпты, соған қарағанда марка өкілдері жуырда тауарын жаңа бағада ұсынатын сияқты.

Volkswagen маркалы бірнеше модельдің бағасы белгілі болды. Мұнда сөз Polo, Taos және Tiguan жайлы болып отыр. Үшеуі де Ресейде құрастырылады.

Polo-ның бағасы енді 9.1 млн теңгеден басталады, бұл ақпандағымен салыстырғанда 1.5 млн теңгеге жоғары. Taos кроссовері 2.8-3.2 млн теңгеге қымбаттап, ең арзаны 14.9 млн теңгеден саудаланып жатыр.

Бірақ бәрінен Tiguan-ның көп қымбаттағаны байқалады. Оған үстелген сома 3.4-4.1 млн шамасында. Яғни, жақсы жабдықталған «Тигуанды» 24 млн теңге алуға болады, ал қарапайым көлік үшін кемі 18 млн санап беруге тура келеді.