Bugin

Ресей азаматтары Қазақстанға ағылады деген қаншалық рас? – сарапшы жауабы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей билігі Украинаға әскер кіргізіп, арнайы операция бастағаннан бері санкцияның астында қалды. Көрші елдің азаматтары бір жағынан билікке наразылық ретінде, екінші жағынан, тыныш өмірді іздеп шетелге асығыс ағыла бастады. Еуропа елдері, Грузия мен Греция, Дубай мен Түркия, Тайланд пен Жапонияға, кейбірі тіпті Орталық Азия елдеріне қарай көше бастады.

Ел арасында "ресей азаматтары енді Қазақстанға топ-тобымен ағылады" деген пікір белең алды. Қазақстан – санкция салынбаған әрі Орталық Азияда экономикасы біршама дамыған, ресей жұртына лоялды мемлекет. Әрі көшуге ыңғайлы, жақын тұр. Еңбек нарығы да біршама бос ел.

Азаматтық қоғам белсенділері "Ресей азаматтарының Қазақстанда қаптауы аса жақсы емес, бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін" дегендей пікірлер айтады.

Алайда сарапшылардың бір тобы "Қазақстанға ағылатын ресейліктер көп бола қоймайды" дегенді алға тартады. Мәселен, Eurasian center for people management ECPM жобасының басшысы, социолог Айман Жүсіпованың Курсив.кз-ке берген пікірінде "Елінен көшкісі келетін ресейліктердің көбі басқа елге кетіп жатқанын" айтады.

"Ресейден қалтасы қалың азаматтар көшіп жатыр. Ал ондай азаматтар негізінен Қазақстаннан гөрі Дубай мен Түркияға көшкенді қош көреді. Ал Қазақстанға көшетін орыстар, әрине, жағдайы орташа не тұрмысы нашарлау азаматтар болуы мүмкін. Ресейліктердің бізге қаптап көшу-көшпеуі тікелей еңбек нарығына байланысты", - дейді әлеуметтанушы.

Оның айтуынша, бұл үрдіс Қазақстан азаматтарына соққы боп тию мүмкін.

"Өйткені Ресейден жоғары білімді, квалификациясы бар жұмысшылар келеді. Олар жақсы жұмыс орындарын иемденіп, қазақстандықтар жұмыссыз қалуы мүмкін. Еңбек нарығында нағыз бәсеке басталады", - дейді Айман Жүсіпова.

Алайда социологтың айтуынша, Қазақстанға көшуші ресей азаматтары бәрібір көп бола қоймайды.

"Себебі біздің елімізде жұмыс бар дегеннің өзінде жалақы мен еңбекақы көп емес. Ресейліктер аз жалақыға жұмыс істейді деп ойламаймын. Одан да жақсы жалақы алатын елдерге көшпек. Қазақстанға көшіп келді дегеннің өзінде – ол уақытша. Біздің елдегі жалақыны көріп, "таңқалуы" мүмкін. Содан басқа елге көшіп кетеді", - деп пікір айтады Жүсіпова.