Bugin
Abai.kz сайтында Қызылорда облысы, Қазалы ауылында Венера Тайлақбаева деген кәсіпкер әйелдің оқиғасы баяндалады. Отыз алтыға биыл аяқ басқан Венераның тоғыз баласы бар. Ағасының баласын асырап алғанын қосқанда он баланың Анасы екен.
"Азиякамыш" деген ЖШС құрып, 70 адамға жұмыс беріп отырған білікті азамат. Венера Еуропаның Германия, Нидерланды, Польша, Дания, Түркия, Белорусь мемлекеттерімен іскерлік қарым-қатынас орнатып, осы мемлекеттерді шикізатпен қамтамасыз етіп отырған.
Енді аудандағы атқамінерлер жұмыс істетпей отырған көрінеді. Облыс әкімі Г. Әбдіхалықова ханымға Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Кәукей ауылынан қамыс шабуға жер сұрап өтініш жазған. Ол жерді сұраған Арал қаласына тіркелген шетелдік "Камыш Орда" ЖШС-не ауыл ақсақалдары қарсы болған. Өз адамдарымыз шапсын деп. Қазалы ауданының әкімі М. Оразбаев өзі аралдық болғаннан кейін артынан ілесе келген Аралға тіркелген шетелдік түрік компаниясы рұқсатсыз, заңсыз жерді шауып тастаған. Өз ауылының тұрғынына шаптырмаған жерді айдаладан келген түрік қалай шауып жүр? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқармасы осының ақ-қарасын тексерсе!
Қызықтың көкесі алда. Облыстық антимонополияға арыз жазады. Арызды антимонополияның орынбасары Қазығұлов Еркін қабылдап, бақылауына алады. Көп ұзамай Венераға Қожахметов Ғабит пен Олжас деген жігіт хабарласып, Болат Назарбаевтың адамдары екенін айтып, істі шешіп беретінін, бірақ 50% доляда жұмыс істейміз деген. Сөйтсе, Қожахметов Ғабит Еркінұлы антимонополияның орынбасары Қазығұлов Еркін Қожахметұлының ұлы екен!
Венера Тайлақбаеваның айтуынша, Германияға жұмысшыларын жіберіп, тәжірибеден өткізіп, құрылыс компаниясын құрмақшы болған. Аудан әкімдігі әдейі аяғымнан шалып,жұмыс істетпей отыр дейді.
"Аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, ол кісі Кәукейде жиналыста жерлеріңді айдаладағы адамға бергенше (мен ғой айдаладағысы), өздерің ие болыңдар, өздерің сырттан адам кіргізбей кәсіп жаса деп үгіттепті (жердің бос жатқанына 50 жыл болған). Бірақ, Кәукейдің жерін шетел азаматының шауып жатқанына 2 ай болды (3 сурет).
Президенттің тапсырмасы бар, бос жатқан жерді тиімді игеру, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыс орындарын ашу туралы. Ал, бұлар кері тартып, 24 мың гектар бос жатқан шабындық жерді айдаладағы түрік азаматына ауыл әкімі қарындасы арқылы шаптырып, шетелдіктің артында шашбауын көтеріп бәрі жүр
Осындай жағдайдан кейін ойлай беріндер кімнің-кім екенін. Сосын халық шығады, кім жаман-Тоқаев жаман деп. Бәрі осындай басшылардың кесірі", - дейді көп балалы кәсіпкер ана.
Қазір қоластымдағы 70 жұмысшыдан 45 жұмысшыға дейін қысқарттым. Осыншама адамға жұмыс пен ақша тауып беру де оңай емес.
"Еуропадан хабарласып, менімен ғана жұмыс істегілері келетінін айтады. Еуропалықтарға біздің елдегі былықты қалай айтамын? Айтсам да сенбейді ғой", - дейді Венера Тайлақбаева.
Қазір кәсіпкер ана облыс әкімінен бастап ел президентіне дейін арыздануда.