Bugin

Ресейде АвтоВАЗ зауыты тоқтап қалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

9 наурыз күні Ресейдегі АвтоВАЗ зауыты жұмысын тоқтатты. Негізгі себеп – Батыс елдерінің санкция салуының кесірінен автобөлшектер мен басқа да қажетті материалдарды шетелден алдыра алмауы. Бұл жайлы Wall Street Journal басылымы жазды.

Басылымның жазуынша, Ресейге салынған санкцияның зияны жергілікті компаниялар мен өндіріс орындарына да тиіп жатыр. АвтоВАЗ зауытынан шығатын көліктер шын мәнінде Ресейдің өнімі емес, шетелдік қосалқы бөлшектер мен жабдықтардың құрастырылуынан шығатын өндіріс екені белгілі болып қалды.

АвтоВАЗ өндірісі негізінен француздың Renault автопромына қарайды екен. Атақты Тольятти қаласындағы автоваз зауыты негізгі компоненттерді Румыния еліндегі Renault зауытынан алатын көрінеді. Шамамен, автобөлшектердің 20 пайызы (негізінен электроника, чип) шетелден алынады.

АвтоВАЗ-дың өзі 11 наурызға дейін жұмыс істемек. Кейін уақытша жабылады. Бірақ қашанға дейін жабылатыны белгісіз. Компанияның өзі түсініктеме беруден бас тартқан.

Жалпы, ресейлік автопромды РФ президенті В.Путиннің өзі де жақсы көреді. Екінші рет президент боп сайланғанға дейін Lada көлігін айдаған. Отандастарына АвтоВАЗ көліктерін сатып алыңдар деп жиі ақыл айтатын. Ал Lada көліктерінің былтырғы сатылымы Ресей автонарығының 21 пайызын құраған.

Айта кетейік, ЕуроОдақ елдері мен АҚШ Ресейге жоғары технология өнімдерін сатуға толық тыйым салған еді. Соған байланысты еуропалық автоконцерндер (Мерседерс, БМВ, Вольсваген концерндері) Ресей нарығынан кететінін мәлімдеген. Сондай-ақ жапон автокомпаниялары да Ресейден кетіп жатыр. Соған қарағанда, енді Ресейде жаңа көлік қалмайтын сыңайлы.