Bugin
Қазақстан халқының атынан Украинаға 40 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Бүгін елордадан екі жүк көлігі жолға шықты. Олар айналма жолмен 6 ел арқылы гуманитарлық жүкті Киевке жеткізеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ішінде тұрмысқа қажет бұйымдар, азық-түлік, киім-кешек пен медициналық заттар бар. Бұл Қазақстаннан Украинаға құрлық арқылы жіберілген алғашқы көмек. Бұған дейін шамамен 25 тоннадай жүк ұшақ арқылы жеткізілген. Ал, еріктілердің айтуынша, «Ел болашағы» бастамасы арқылы 150 млн теңге жиналған. Оған негізінен дәрі-дәрмек, мерзімі өтпейтін тағамдар сатып алынды. Қайырымдылық акциясы әлі де жалғасады, дейді еріктілер.
- «Мен Қазақстан халқына шексіз ризамын. Еріктілерге көп рахмет. Қиын сәтте қолдау білдіргені үшін бірнеше еріктілерді Украинаның мемлекеттік марапатына ұсынуды жоспарлап отырмын. Қазір гуманитарлық көмекті жинауға халық өте белсенді қатысып жатыр. Бұл жүк шамамен 10 күнде жетеді деп ойлаймыз» - деді Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Петр Врублевский.
- «Үлкен жұмыс жүріп жатыр. Бізге әлі де қол керек. Кейде таңғы оннан кешкі тоғызға дейін жұмыс жасаған күндеріміз болды. Шынымен де осындай қиын уақытта Украинаның қарапайым халқына көмегіміз тиіп жатыр деген үміттеміз» - деді волонтер Назым Сагидолина.