Bugin

Қазақстанда бензин арзандауы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Санкция салдарынан Еуропаға шыға алмаған ресейлік жанармай Қазақстанға ағылмақ. Бұл өз кезегінде бензин бағасының түсуіне әкеледі. Осылай дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Ерлан Жаукин. Бұл жайлы Колеса.кз жазды.

Сарапшының айтуынша, елде бензин көбейіп кетті. Оған қоса Қазақстандағы бекеттер сәуірде Ресейден арзан бағада келетін жанармайға толуы мүмкін.

Жаукин ресейлік АИ-92-нің бір тоннасы 165-170 мың теңгеден сатылуы мүмкін деп болжап отыр. Ал Атыраудағы зауыт отынды 185-186 мыңнан, ал Павлодардағы зауыт 196-198 мың теңгеден саудалап жатыр. Қазақстан көрші елден келетін бензин мөлшерін шектей алмайды. Өйткені стратегиялық серіктесті қолдаймыз, ал отандық мұнай өңдейтін кәсіпорындар өнімнің өзіндік құны жоғары болғандықтан, оны арзан сата алмайды. Нәтижесінде Қазақстан бензинге тұншығып, аталған саланы тығырыққа тіреуі ғажап емес.

Бұл мәселені Қазақстанның қымбатырақ жанармайын батыс елдерге сату арқылы шешуге болады. Ал біз қазір отын өткізіп жатқан Азия (Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа) нарығын теріскейдегі көршіміз жаулайтыны анық. Еуропа Ресейдің алдынан есігін тарс жапқандықтан, олардың багын толтыруға мүмкіндігіміз бар.

Жанар-жағармайды сыртқа шығаруға ел билігі тыйым салған. Бірақ кейбір дерек бойынша үкімет наурыздың ортасына таман бұл шектеудің күшін жоюға ниетті. Сондықтан алдағы уақытта біздің бензин Еуропаға жол тартып, елдегі бекеттер Ресей отынын ұсынатын сияқты.

Теориялық жағынан темір тұлпардың азығы сәл де болса арзандауға тиіс. Бірақ солай болар ма екен? Билік қаңтарда жанар-жағармайдың шекті бағасын бекіткен, бірақ бұл бензинді қазіргіден арзан сатуға міндеттемейді.